Құқық қорғау органдары

Ұрланған велосипедті полицейлер тез тауып алды

 

 

Егор Корушенков велосипедінің ұрланғанын бірден байқаған. Оның әжесі дереу Жамбыл көшесіндегі үйлердің бірінің кіре берісінде тұрған көліктің ұрланғанын айтып Ішкі істер басқармасына хабарласады. Ересек ер азаматтың велосипедті қалай теуіп жүргені бейнекамерада да жазулы. Тура екі сағат өткенде шайтанарба табылды. Оны тәртіп сақшылары Осипенко көшесін аралап жүргенде көріп қалады. Бір адам дәл сондай қос дөңгелектіні көтеріп алып аялдамаға асығып бара жатқан екен. Ол – Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлға қонаққа келіп “Алтын арман” базарында 3-ақ мың теңгеге сатып алған. Арзан бағасы күмән тудырған соң сатушыны суретке түсіріп алыпты. Ақыр аяғында, оңтүстікқазақстандық қонақ үйіне құр қол кетті. Ұялы телефонға түсіріп алған суреттің арқасында 37 жастағы ер адам табылды. Ол ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған екен. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның басқа қылмысқа қатыстылығы тексеріледі. Ал тұрғындар тәртіп сақшыларының осыншама жылдам әрекет етіп, велосипедті иесіне тауып әкелгені үшін алғыстарын білдіруде. Жалпы жыл басынан бері полицейлер 75 қылмысты әшкерелесе, оның жартысынан астамы ұрлыққа қатысты.

 

Данаш Хамзина