Көлік және жолдар

Петропавлда көшелер мен аулалар абаттандырылуда

Виталий Холкин «КоммунСтройСервис» серіктестігінде 7 жылдан астам жұмыс істейді. Ол әріптестерімен бірге мына жаңа үйдің қасына жол салуда. Тәжірибелі маман қалыңдығы 9 см асфальт қабаты 7 жылға шыдас береді дейді.

 

Виталий Холкин, «КоммунСтройСервис» ЖШС шебері:

– Біз 2 күн бойы жолдың барлығын саздан тазартып, құм мен қиыршық тас төседік. Енді олардың барлығын мықтап бекіту үшін қазір 5 см асфальт қабатын төсеп жатырмыз. Қалғанын ертең төсейміз.

 

450 шаршы метр аумаққа тас жол төсеу үшін 400 тонна қиыршық тас, 200 тонна асфальт және құм сатылып алынған. Аталған кәсіпорын биыл 8 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған.

 

Анатолий Бугаев, «КоммунСтройСервис» ЖШС директорының орынбасары:

-Қалада жөнделетін аулалардың аумағы 5,5 мың шаршы метрді құрайды. Қазір біз орта жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Істің тең жартысын тындырдық.

 

Интернационал көшесіндегі 4 Г мекенжайындағы үйдің ауласын жөндеуге 10 маман мен 15 техника тартылған. Әсіресе, мына жапондық шағын техника асфальт төсеуде аса ыңғайлы екен. Жаңа үйдің айналасына тас жол толығымен төселіп біткен соң, келесі абаттандыру жұмысын «ЖігерСтройСервис» ЖШС жалғастыратын болады.

 

Дінмұхамед Бүйрекбаев, «ЖігерСтройСервис» ЖШС директоры:

-Айдың басында басталған ісімізді ауа райының құбылуына байланысты тоқтатуға тура келді. Енді жұмысымыз қыза түсті. Ауланы толықтай көгалдандырып, балалар ойын алаңқайын уақытында орнатып береміз.

Абаттандыру жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

 

Берік Қасен