Бизнес және экономика

Петропавл әуежайының қызметкерлеріне жалақы бойынша қарыздың 14,5 млн теңгесі төленді

Өткен жартыжылдықта өңіріміздің көлік прокурорлары әлеуметтік-экономикалық салада 24 тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде 232 заңбұзушылық тіркелген. Құзырлы органның басты міндеттерінің бірі – азаматтардың конституциялық құқығын қорғау. Шағымдардың дені жұмыс берушілердің үстінен түскен. Еңбек дауларының көп бөлігі жалақы мәселесіне қатысты. Прокурорлар Әуежай басшылығының қызметкерлеріне еңбекақы қарызын төлету бағытында ауқымды іс атқарған. Мәселен, 104 еңбеккер алдындағы жалақы берешегінің 14,5 млн. теңгесі қайтарылды. Алайда, бұнымен жалақы мәселесі түгелімен шешілген жоқ. Әлі 97 қызметкер еңбек ақысын зарыға күтуде. “ЗИКСТО” АҚ-да да еңбек заңнамасын елемеушілік жайттар тіркеліпті. Міндетін орындамаған 10 тұлға әкімшілік, 5 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, заңсыз кәсіпкерлерден тәркіленген қаржының жымқырылғаны анықталыпты. Кедендік бақылау қызметінде орын алған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, көші-қон, жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларына қайшы келген бірнеше фактінің беті ашылған.

 

Жеңіс Ермұқанов