Билік

“Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалының жаңа төрағасы сайланды

Күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Ол – “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының жаңа төрағасын тағайындау. Бұл қызметте бұған дейін болған Болат Жұмабеков басқа лауазымға ауысуына орай бас партияның қалалық филиалының төрағалығына Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закариянов лайық деп шешілген.

 

Арман Бердағұлов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:

– Закариянов Төлеген Қабыкенұлы 1961 жылы туған. Ұлты – қазақ. Білімі жоғары. 2013 жылдың мамырынан Петропавл қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. 2003 жылдан “Нұр Отан” партиясының мүшесі.

Жергілікті партияластары шаһар басшысының кандидатурасын бір ауыздан қолдады.

 

Төлеген Закариянов, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының төрағасы, Петропавл қаласының әкімі:

– Сенімді ақтау үшін бар күш-жігерім мен білімімді жұмсауға уәде беремін. Атқарушы биліктің өкілі ретінде атқарып жатқан істерімізді одан әрі жетілдіру керек. Ол үшін сіздермен бірге жұмыла жұмыс жасаймын.

 

Сондай-ақ, жиында филиал жанындағы саяси бюро кеңесі мүшелерінің тізімі бекітілді. Төлеген Закарияновты күрмеуі босамай қойған мәселелер қызықтырды. Облыстық мәслихат  депутаты Бақытжан Сәмиеваның айтуынша жолдардың бүгінгі күйі мәз емес.

 

Бақытжан Сәмиева, облыстық мәслихат депутаты:

– Қаламызда, облыс көлемінде тың бастамалар жүзеге асуда. Алайда қалалықтарды жол мәселесі мазалайды. Бұл бағытта қарқын қосылып, сапа жағы жақсарса дейміз.

 

Төлеген Закариянов, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының төрағасы, Петропавл қаласының әкімі:

– Бүгінде 78 млн. теңгеден астам қаражатқа бірталай жұмыс тындырылды. Оның 46 млн-ны шұңқырларды бітеп, тегістеуге бағытталды. 19 млн. теңгеге жаяу жүргіншілер жүретін жол жөнделді.

 

Төлеген Закариянов жолдарды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады деп сендірді.

 

Жеңіс Ермұқанов