Спорт

Петропавл кәсіпорындарының қызметкерлері арасындағы туристік слет

 

Бұл жарыс 12-ші “Денсаулық” спартакиадасы аясында өтті. Додаға 5 кәсіпорынның қызметшілері қатысты. Әр топтың құрамында 6 адамнан.

 

Сергей Лагоцкий, СҚО бойынша спорттық туризм федерациясының бас төрешісі:

– Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші бөлімінде қатысушылардың шыдамдылығы мен жылдамдығы шыңдалса, екіншісінде білгірлігі мен күштілігі сыналады. Мұнда жеңіске жету оңайға соқпайды.

 

Ең алдымен жарыс жалауы бой көтерді. Одан кейін әр команда өздерінің ұрандарымен таныстырып, сайыс жолына шықты. Сайыскерлер барынша жылдамдық танытулары қажет.

 

Александр Чередник, слет басшысы, СҚО бойынша спорттық туризм федерациясының өкілі:

-Ойыншылар 6 шақырымды бағындырулары керек. Арқанмен өрмелеп, бөрененің үстімен жүреді. Жарысқа бірнеше рет қатысқандары бұл кедергілерден талмай өте шығады.

 

Ал, палатка құрып, от тұтатуда Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкерлері тез болды.

 

Кирилл Плесовских, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ цех басшысының орынбасары:

Аяқ астынан 2-3 күннің ішінде команда жинап жарысқа келдік. Соған қарамастан құрама ойыншылары жақсы өнер көрсетуде. Қарсыластарымыз да осал емес екен.

 

Одан кейін 15 метрлік арқанмен ағып жатқан өзеннің үстінен өту керек. Бұл сында “Қызылжар судың” қызметкерлері жылдамдық танытты. Осы командағы жалғыз нәзік жанды – Зарина Шукантаева жарысқа алғаш рет қатысып отыр екен.

 

Зарина Шукантаева, «Қызылжар су» ЖШС менеджері:

-Сайыс өте қызықты өтіп жатыр. Құраманың ұйымшылдығы арқасында қиындықтар сезіліп жатқан жоқ.

 

Мамандар мұндай спорттық жиындар жұмыс белсенділігін арттыруға септеседі дейді. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ құрамасына бұйырды. Екінші орынды оңтүстік Орал темір жолының жергілікті бөлімшесінің қызметкерлері иеленсе, алғашқы үштікті Петропавл ауыр машина жасау зауыты тұйықтады.

 

Біржан Қойшыбаев