ТЖ

Өрт сөндіру техникасына жол бермесең, айыппұл төлейсің

 

Жеңіл көлік жүргізушілерінің көбі жолда дабылын қосып жүйткіп келе жатқан өрт сөндіру техникасына көңіл бөле бермейді. Тіпті, ережені бұзып, бөгет жасайтын көрінеді. Оған дәлел – мына Пушкин мен Бөкетов көшелерінің қиылысында болған оқиға. «Фольксфаген» автокөлігінің рөлінде отырған азамат құтқарушыларға жол берген жоқ. Қырсық шалған осы сәтте жол сақшылары де керегінде қастарынан табылды. Олар дабыл қаққан техниканың алдын кескен көлік иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

 

Әскербек Жәнібеков, жол полициясы жеке батальонының аға инспекторы:

-Бір күндік рейдтік шара барысында біраз көшелерді жүріп өттік. Міне, Пушкин көшесінде 1 жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтаттық. Оған өрт сөндіру көлігіне жол бермегені үшін 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

 

Осындай кедергілердің кесірінен діттеген жерге тез жету үшін кейде арнайы техниканың жолдың қарсы бетіне шығып кетуіне де тура келеді екен. Біз құтқарушылармен кешкі рейдке де бірге шықтық. Өрт сөндірушілер діттеген жерге күндіз көлік кептелісінен 10-15, тіпті 20 минутқа дейін кешігіп барса, қараңғы түскенде оларға аулада тізілген машиналар кедергі келтіреді екен. Мысалы, Кәрім Сүтішев көшесінде мына 23-ші үйдің орамында темір тұлпарлар тізіліп тұр. Арасынан арнайы техника өте алмаған соң, үйді айналып басқа жағынан кірмек болды. Алайда, мұнда да қиындықтар табылды. Тұрғындар машиналардың арлы-берлі өтпеуі үшін бетон бөліктері мен шлагбаумдарды орнатқан. Маңайдағы азаматтардың кейбіреуі бұл істі орынды десе, енді бірі қарсылығын білдірді.

 

Людмила Пришельцева, қала тұрғыны:

– Мына қаптап тұрған көліктер мен оларға қойылған бөгеттерді ауламыздан алып тастау керек. Ертең алда-жалда бірдеңе болса, мына жерден адам түгіл техника да өте алмайды ғой.

 

Бұл бар мәселенің бір парасы ғана. Осындай темір-тесек, бетон, кірпіштен жасалған тосқауылдар қала бойынша 111 аулада қойылған. Өрт сөндірушілер өз кезегінде осындай кедергілер болмаса жұмысымыз да жеңілдер еді дейді.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

– Бұл ушыққан мәселені тұрғындармен бірлесе шешпесек оңалмайтын түрі бар. Сақтықта – қорлық жоқ. Тұрғындар барлық жағдайды ескере отырып, бір байламға келуі керек. Өйткені, бұл тосқауыл ертең қайғылы жағдайда себепші болуы мүмкін. Қауіпсіздік жайын естен шығармау керек.

 

Бүгінде мұндай мәселе жедел жәрдем қызметі үшін де өзекті болып отыр.

 

Берік Қасен