Мәдениет

Новоишимкада ерекше демалыс орны ашылды

 

Жуырда ғана мына 4,5 шаршы метр аумақты қурай басып, бос тұрған еді. Енді, бұл жерде жоғалған бір әлем бөлігінің шағын үлгісі қайтадан жандандырылғандай. Ерте кезде өмір сүрген алпауыт динозаврлардың жаңа мекені іспеттес.

 

Марат Тасмағанбетов, Ғ. Мүсірепов атындағы аудан әкімі:

– Балалар біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Ұрпақ үшін не істесек те артық емес. Бүгінгі біздің ауданның көркі болатын юр кезеңіндегі саябақтың ашылуы осының айғағы. Бұл әрбір бала, әр отбасы үшін жаңа демалыс орнына айналады.

 

Бұрын-соңды елімізде болмаған бірегей саябақтың салтанатты ашылуында жиылғандар талай қызықтың куәгері болды. Шеберлердің қолымен “Триас” кезеңіндегі 7 жыртқыштың мүсіні соғылған. Аса берік табиғи материалдардан құйылыпты. Бұл ауа райының тылсым мінезіне ұзақ жылдар төтеп беруге мүмкіндік береді. Әр мүсін нақты тарихи дерек көздерінің негізінде құрылған. Оның құрылысына аудандық қазынадан 10 млн. теңге бөлініпті.

 

Алмас Айылбай, суретші:

– Көне дәуір динозаврларының ақпаратын жинадық. Қалай өмір сүрді, не жеді, не ішкеніне дейін зерттедік. Соған қарап макеттерін, эскиздерін жасадық. Көріп тұрғанның бәрі, әр тастың өзі таңдалып салынған.

 

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей шамамен 160 млн. жыл бұрын динозаврлар жер бетіндегі ең көп тараған жануарлар болыпты. Қазақшаласа, қорқынышты кесірткелер 65 миллион жыл бұрын кенеттен жойылған екен. Нақты себебі әлі белгілі емес. Бүгінде бұл жабайы жануарлардың 600 шақты түрінің қалдықтары табылып, жарыққа шығарылды. Көпшілікке таңсық хайуандардың үлгісін көруге аудан тұрғындарының еңбектеген жасынан, еңкейген қариясына дейін жиылды.

 

-Маған ежелгі паркте ұнағаны өзімді өткен ғасырға барғандай сезініп тұрмын. Диназаворлар бұрын құрып кеткен, қазір өз көзіммен шындықты көргендей болдым.

-Өте дұрыс бастама деп ойлаймын ашық аспанда парктің болуы.

– Осы ауданда 40 жыл тұрамын. Бұрын-соңды болмаған дүние. Бұл өсіп келе жатқан болашағымызға қажет.

 

Жақсыны  – көрмекке! Бұл жаңалықты естіген Байғазиндер әулеті түгел отбасымен келген.

 

Жайнагүл Байғазина,  Новоишим селосының тұрғыны, Ғ. Мүсірепов атындағы аудан:

– Қасымызда кіші Астана, бір қадам жерде тарихи парк ашылды. Іші тірі сияқты өте әдемі. Отбасымызбен келіп жиі қыдыратын боламыз.

 

Жаңашылдық тамашалағандардың көбін тамсантпай қоймағаны анық. Аудан орталығына ат басын тіреген қонақтар да халық игілігіне арналып салынған жаңа саябаққа бас сұқпай қайтпайтын болады. Мұнда демалысты көңілді өткізудің өзге де қызықтары ойластырылған. Балалар алаңқайы тұрғызылды. Мергендікті сынаймын дегендерге тир жұмыс істейді. Маңайында өзге де қоғамдық нысандар бар. Тұрғындардың қуанышына Алматылық цирктің ұжымы ортақтасып, өз өнерлерін ұсынды. Атқарушы билік тарапынан ауылдықтарға жуық арада тағы бір тосын сый жасалмақ. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында дене шынықтыру, сауықтыру кешені тұрғызылады. Сондай-ақ, ұзындығы 25 метрлік жүзу бассейнін салу жоспарланып отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов