Аптадағы маңызды жаңалықтар

190 жас сарбаз ант қабылдады

 

Міне, отансүйгіш жас жігіттердің көптен күткен қуанышты сәті де келіп жетті. Бүгін оқтай түзу сапқа тізілген жас жауынгерлер 1-2 адым алға басып, Отан алдындағы азаматтық парызын абыроймен өтеуге ант беруде.

Өңіріміздің тыныштығы енді осы жас сарбаздардың қолында болмақ. Олар 1 жыл бойы қоғамдық тәртіпті сақтап, темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандарды күзетеді. Жауынгерлерді айтулы күнмен өңір жетекшісі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттің қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударады. ҚР қызмет ету жолында Сіздерге артылған үмітті ақтап, әскери борышты адал атқарады деген сенімдемін. Батыр бабаларымыз сияқты Отанымыздың қорғаны болыңыздар. Қазақ елінің аспаны әрдайым ашық болсын!

 

6637 әскери бөлімінің қатары бұл жолы 190 жауынгермен толықты. Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан шақыртылыпты. Ант қабылдар алдында бұл жастар 1 айдай әскери өмірге дайындалған. Барлығы бір ауыздан Отан алдындағы қасиетті борышты өтеу – әр азаматтың парызы екенін айтып, бұл міндетті абыроймен өтейміз деп отыр. Солардың бірі – Нұрбек Қоспанов.

 

Нұрбек Қоспанов, 6637 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:

-Ант қабылдаудың алдында әскери қаруды қалай қолдану керек, әскери өмірді үйретті. Әскери тәртіпті, сапта қалай жүру керектігін үйрендік. Негізгі міндетіміз – Отан алдындағы борышымызды атқару.

 

Еркелікті артта қалдырған бозбалалар әскери өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, нағыз ержүрек, қайсар азамат болып шықпақ.

 

Айдана Демесінова