Ауа райы

БАҚ мәселелері жөніндегі кеңес отырысы

 

Алдымен аймақ басшысы Самат Ескендіров жиналғандарды “А” корпусындағы кадрлық ауыс-түйістермен таныстырды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасының басшысы қызметіне Мұрат Қадырбек тағайындалды. Облыстық ведомствоның бұрынғы басшысы Тілеген Қаскин  мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментін басқаратын болады.  Тілеген Қаскиннің өңірдегі табысты еңбегі лайықты бағаланып, облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұдан кейін отырысқа қатысушылар облыстық әкімдік жанындағы БАҚ мәселелері жөніндегі кеңестің сұрақтарын талқылауға көшті.

Алдымен мемлекеттік органдармен әріптестік орнатуда журналистер одағының жергілікті филиалының алатын рөліне ден қойылды. Бүгінде ұйымға қаламы қарымды 200 адам мүшелік етеді. Бұл туралы ҚР Журналистер одағының СҚОФ төрағасы Ерлан Тоқшылық хабарлама жасады.

Сондай-ақ, отырыста төртінші билік өкілдері мен мемлекеттік қызметшілердің әріптестігін нығайту қамында қолға алынған жобаның іске асу барысы талқыланды. Тың бастама 9 айға жоспарланған.

 

Зәуре Жұмалиева, “Әділ Арқа” ҚҚ төрайымы:

– Жоба аясында семинар-кеңестер, шеберлік сабақтары өткізіліп жатыр. Тілшілерге дәрістер оқылды. Негізгі тақырып – журналистердің құқықтарын қорғау, кәсіби этика нормаларын сақтау. Әрине, әр кездесуге БАҚ өкілдерімен тікелей жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілер шақырылады. Екі жақты әріптестік орнатудың тиімді жолдарын қарастырамыз.

 

Бұл шаралар облыстың әр ауданында жүргізілуде. Шалғайдағы бір де бір аудан игі шарадан шет қалмайды деп сендірді ұйымдастырушылар. Жаңалықтан бұрын жүретін қаламгерлер ақпарат таратуда жетілдіретін тұстардың бар екендігін де алға тартып отыр.

 

Евгений Сазанов, “СҚО әкімдігінің МТРА” ЖШС директоры:

– Журналистердің жұмысы шұғыл әрекет етуді талап етеді. Ақпаратты жылдам қорытып, халыққа байсалды әрі нақты ақпарат беру керек. Жас мамандардың дайындығы шикілеу. Ойын көсіле жеткізе алмайды. Осы жағын қарастыру керек.

 

 

Бұл орайда баспасөз қызметтерінің жұмысы да сынға алынды. Көбіне қолжетімді ақпараттың өзі  кеш беріледі.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жоба барысы маған ұнады. Бәріміз бір мүддені көздейміз. Жақсы қарым-қатынас орнамаса, нәтиже шықпайды. Баспасөз хатшыларының мәселесінде шешуге болады. Оларды журналистер одағы өздері дайындасын. Және аталмыш ұйымның ұсынысымен тағайындаған дұрыс болады. Сонда әріптестік орнату жөнінен сұрақтар туындамайды деп ойлаймын.

 

Сондай-ақ, веб сайттардың жұмысы да әңгіме өзегіне айналды.

 

Владимир Дудов,СҚО әкімі аппаратының басшысы:

– Облыс әкімінің блогы жұмыс істейді. Жыл басынан виртуалдық қабылдауға тұрғындардан 265 шағым түсті. Барлығына жауап қайтарылды.

 

Журналистер үшін барлық ақпарат еркін таралуда. Алайда, кейбір мемлекеттік ұйымдардың ғаламтор беттері халық үшін қол жетімді емес. Кеңесте барлық деңгейдегі әкімдер мен ведомстволар  сайттарына ортақ жол орнатылсын деп шешілді. Әрбіріне өңір жетекшісінің порталы арқылы шығуға болады.

 

Жеңіс Ермұқанов