Спорт

Александр Поляков – таэквон-додан екі дүркін әлем чемпионы

София қаласындағы спорт сарайында 75 мемлекеттен 800 мықты таэквондошы бас қосты. Қазақстанның намысын 14 дарынды спортшы қорғады. Бәсеке барысында, әсіресе, солтүстікқазақстандық Александр Поляков пен Илья Хван өздерінің өнерімен ерекше көрінген.

 

Александр Поляков, таэквон-додан 2 дүркін әлем чемпионы:

– Илья Хван екеуіміз жоғарыдан соққы жасау межесін орындап, жалпыкомандалық есепте құрамаға күміс алқа сыйладық.

 

Мынау сол кезде түсірілген бейнежазбада жерлесіміз ең қиын тапсырмалардың бірін орындап жатыр. Ол не бары 30 секундтың ішінде ұзындығы 3 метр болатын кедергіден қарғып, тақтайды қақ жаруы керек. Көріп отырғандарыңыздай ол тапсырманы мүлтіксіз орындады. Бұл сайыстың қиындылығы сол мұнда әр сәт, тіпті тұрған тұрыс та бағалы.

 

Александр Поляков, таэквон-додан 2 дүркін әлем чемпионы:

-Болгариядағы әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. 13 мың адам сиятын спорт сарайы көздің жауын алады. Жекелей сынға түсу үшін әр елден не бір дүлдүлдер қатысты. Бәсеке қиынға соқты.

 

Александр Поляковтың кәрістердің жауынгерлік өнерімен айналысқанына 15 жыл болған. Ол қазір елге еңбегі сіңген спорт шебері, қара белбеу мен 4-ші дан иегері.

Ал, қазір 3 метрлік биіктікте орналасқан таэквон-доның тілімен айтылатын «Чагиді» аяғымен тебуде. Оның айтуы бойынша, әзірге, бұл жеке өзі үшін орнатқан рекорды екен. Алда бағындыратын биіктер жетерлік, тек аянбай еңбектеніп, білгенімді спортшы інілеріме үйретемін дейді Александр. Бапкердің шәкірттері болашағынан зор үміт күттіреді.

 

Александр Поляков, таэквон-додан 2 дүркін әлем чемпионы:

-Менің тәлімімді алып жүрген тәрбиеленушілер қала, облыс, республика турнирлерінде бірнеше рет чемпион атанды. Әлі талай асуды бағындырамыз деп ойлаймын.

 

Ересектер арасында таэквондо-дан өткен 18-ші бүкіләлемдік чемпоинатта

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5 орынға тұрақтаған. Келесі дүбірлі дода 2015 жылы таэквон-доның отаны – Солтүстік Кореяда өтпек. Александр Поляков онда да ел намысын абыроймен қорғап, енді үшінші рет чемпион атануға барымды салуға тырысамын дейді.

 

 

Берік Қасен