ТКШ

Тариф саясатын жетілдіру

 

Табиғи монополияларды реттеу заңнамасының соңғы өзгерістері 2000-шы жылы қабылданыпты. Аталмыш құжаттты келесі жылы заман ағымына сай толықтыру көзделуде. Биыл оның 80-ге тарта нормативтік актісі сараланған. Нәтижесінде 200-ге жуық өзгеріс енгізілуі мүмкін. Жаңартылатын заңнамада тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

Бұны елемеген монополисті әкімшілік жауапкершілікке тарту жағы ұсынылуда. Заңға қайшы әрекет еткен жетекшіге 100 АЕК мөлшерінде айып пұл тағылуы мүмкін. Келесі жылдан жарық көзі және газбен қамтитын кәсіпорындар қоғамдық қабылдау өткізуге міндеттелмек. Сондай-ақ, өнім құнына аудиттік, маркетингтік пен банктік жарналар, техникалық сараптама шығынын қосуға тиым салынбақ. Бұл қызметтерге жұмсалған қаржыны акционер өз мойнына алуы тиіс. Осылайша, тұтынушының қалтасын қақпайтындай тариф бағасын реттеу көзделуде. Қызмет сапасын арттыру жағы да ұмыт қалмаған.

 

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:

– Бақылауды күшейту үшін көпсалалы мониторинг жүйесін ендіруді ұсынып отырмыз. Оған мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық бірлестіктер қатысады. Тозған желілерді бірден жаңартуға мүмкіндік жоқ. Ол үшін тарифті көтеру керек. Халыққа салмақ түсірмей-ақ инвестициялық бағдарлама аясында несие рәсімдеуге болады.

 

Сондай-ақ, есептегіш құрылғыларын орнату коммуналдық қызметтерге жүктелетін болады. Құжаттар тізімі екі есеге қысқартылмақ. Тұтынушылардың өтініштерін электронды түрде қабылдау межеленген. Бұл жемқорлықтың алдын алу қамында. Бұл ұсыныстар алдағы қыркүйек айында Үкіметте қаралады.

 

Жеңіс Ермұқанов