Білім

Қызылжар ауданында мектептердің жылыту маусымына әзірлігі аяқталуға жақын

№ 2  Бескөл орта мектебі жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Былтыр білім ошағының 1-ші қабатының терезелері толығымен заманауи түріне ауыстырылып, еденнің 900 шаршы метріне линолеум төселген. Биыл ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Жарық шамдар жаңартылып, әрлеп-сырлау жұмыстары қолға алынған. Мұнда, сондай-ақ, шағын орталық та бар. Аудандық бюджеттен бөлінген 850 мың теңгеге балалар алаңқайы салыныпты.

Ауданда барлығы 48 мектеп бар. Бұл білім беру ошақтарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ал, 24 жылдық тарихы бар Новокаменка орта мектебінің биыл 19 жыл істемей тұрған су мұнарасы іске қосылып, іштегі құбырлар орталық жүйеге біріктірілді. Мұнда, сондай-ақ, қысқа жететін 417 тонна көмір жеткізілген.

Бұған қоса, биыл мектептің спорттық кешені де жөндеуден өткен. Бүгінде бұл жаттығу алаңында бапталған атақты спортшылар аз емес.

Соңғы 7 жылда бұл спорт кешенінің 9 шәкірті спорт шеберіне үміткер атағына ие болған. Қазіргі уақытта Новокаменка орта мектебінің 70 пайыз оқушылары осы залда үзбей жаттығу жасауда.

 

Біржан Қойшыбаев