Білім

Аққайың ауданының мектептері жаңа оқу жылына әзірленуде

 

Біз алдымен Аққайың ауданындағы Астрахан орта мектебіне бардық. Мектеп үлкен. Бүгінде 126 бала оқиды екен. Мұнда жылу беру маусымына қамдануға жаз келісімен кіріскен. Қазір күрделі жөндеу жұмыстарының қызған шағы. Жергілікті бюджеттен бөлінген 19 млн теңгеден астам ақшаға жаңа терезелер орнатылып, енді есіктері ауыстырылуда. Қысқа жететін отын да бар. Жуырда ғана 479 тонна көмір жеткізілді дейді мектеп директоры Жылқыбай Сүлейменов.

 

Жылқыбай Сүлейменов, Астрахан орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

Мектеп 1974 жылы құрылған. Жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарымен шектелетінбіз, биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Отын уақытылы жеткізіледі. Жуып-шаю жұмыстары жүргізілді.

 

Ленин орта мектебінде де қауырт маусымға дайындық тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. 146 бала оқитын мектеп сұйық отынмен жылытылады екен. Бір қысқа  солярканың 35 тоннасы қажет.

 

Орынтай Оспанова, Ленин орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

Жанармайдың 5 тоннасы әкелінді. Жақын күндері қалғанын жеткіземіз. Қыста мектебіміз әрқашан да жылы болады.

 

Мектепке үнемі қолдау жасап тұратын азаматтар да бар. Командиттік серіктестіктің басшысы Геннадий Зенченконың демеуімен мұнда 2009 жылы күрделі жөндеу жасалыпты. Содан бері жеңіл-желпі істер атқарылады екен. Оқушылардың азығы да толығымен әзірленіп жатыр. Жылыжай қызу жұмыс істеп тұр. Мәселен, міне мектеп аумағында картоп өсіп тұр. Есік алды абаттандырылған. Білім ұясы үнемі жаңа техникалық жабдықтармен толығып тұрады. Жуырда ғана 6 компьютер жеткізіліпті.

 

Рашит Анафьянов, Аққайың аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Аудандағы барлық мектептерді қамтуға жетерлік 3 мың тоннаға жуық көмір әкелінді. Қазір жанармаймен жылытылатын білім ұяларын сұйық отынмен қамтып жатырмыз.

 

Жалпы, Аққайың ауданында 25 мектеп бар. Бүгінде барлығы дерлік жаңа оқу жылына әзір.

 

Мағжан Ахмадина