Құқық қорғау органдары

Төлқұжаты жоқ жасөспірімдердің Қырғыз елінің шекарасынан асу тәртібі өзгертілді

Жазғытұрым көптеген қазақстандықтар Қырғыз елінің сауықтыру орындарына ағылады. Отбасылық демалыстың шырқы бұзылмасын десеңіз заңмен бекітілген соңғы өзгерістерді естен шығармаған жөн. Сапарға шыққан төлқұжаты жоқ жасөспірімдердің шекара асу тәртібі өзгертілді.

 

Роза Жүкенова, СҚО ІІД көші-қон полициясының инспекторы:

– Паспорты жоқ 16 жасқа толмаған балалар ҚР азаматтығына қатыстылығын көрсететін қосымша анықтама парағы арқылы туу куәлігі бойынша Қырғызстан аумағына кіруге болады.

 

Екі ел арасындағы саяхаттаушыларға қатысты бұндай келісім өткен жылы жасалыпты. Қолдарында заңмен бекітілген қосымша анықтама қағазы болмаса үйлеріне қайта оралуға тура келеді.

 

Роза Жүкенова, СҚО ІІД көші-қон полициясының инспекторы:

– Ол үшін ата-ананың құжаттарын, баланың туу туралы куәлігін, 3/4 фотосуретін алып, көші-қон полициясы қызметіне жүгіну керек.

 

ҚР азаматтылығын растайтын анықтама 1 күннің ішінде әзірленеді. Бұл қызмет түріне баж салығы алынбайды. Жаңашылдық көрші елге бет алғанда және елге қайтар тұста тексеріледі.

 

Жеңіс Ермұқанов