ТКШ

«ТКШ жаңғырту» бағдарламасы бойынша Петропавлда 100-ге жуық үй жөнделді

 

Валентина Андреева – Мир көшесі бойындағы 87-ші үйдің байырғы тұрғыны. 33 жыл бойы «өз үйім – өлең төсегім» деп келген баспанасының соңғы кезде шатыры тесіліп, ыңғайсыздық тудырды дейді ол.

 

Валентина Андреева, үй тұрғыны:

Жаңбыр жауса-ақ, су ағып, мазамызды алады. Тіпті, жөндеуге де мүмкіндік берер емес. Барлық жиһаз ылғалданып бітті. Әйтеуір, міне, төбеде жөндеу жүріп жатыр. Енді, бұл бас ауруынан арылатын болдық.

 

Бұл үйде “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында сәуір айынан бастап жаңарту жұмыстары қолға алынған. 97 пәтерлі баспананың шатыры қалыпқа келген соң, жертөледегі жылыту жүйесі ауыстырылмақ. Бұл мақсатқа тұрғындар жеңілдетілген несие алып, 28 млн теңге жұмсаған. Жөндеу жүргізіп жатқан мердігер-кәсіпорынның директоры Татьяна Игнатьева нысанды уақытында тапсырамыз дейді.

 

Татьяна Игнатьева, «Петро Building» ЖШС директоры:

– Қажетті материалдармен 95 пайызға қамтылдық. Енді  ұсақ-түйек заттар ғана қалды. Нысанды тамыздың 20-на қарай тапсыру керекпіз. Әзірге, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бүгіннің өзінде жоспардың 70 пайызы орындалды.

 

Мемлекеттік бағдарламаға қатысамын дегендердің қатары ай санап артып келеді екен. Өйткені, нақты нәтиже бар, жоба шарты жеңіл дейді «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» филиалының директоры Сергей Худяков.

 

Сергей Худяков, «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл бізге 90-нан астам өтініш келіп түсті. Солардың 60-ы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл тұрғындардың жобаға сенім білдіргендігінің дәлелі.

 

Жалпы, бағдарлама қолға алынған 2 жылдың ішінде Петропавлда 92 үй жөнделген.

 

Мағжан Ахмадина