Қоғам

“Қызылжар су” ЖШС-де 10-нан астам еңбек әулеті жұмыс істейді

 

Борис Мокренский ішкі істер органдарында 45 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан. Кейін үйде қол қусырып отырмай, жас кезінде алған 2-ші жоғары білімін пайдаға жаратады. Ол 2007 жылы «Қызылжар су» серіктестігіне инженер болып жұмысқа орналасады. Бүгінде кәріздік жүйе учаскесі шеберінің міндетін атқаруда. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында мекемеде еңбек ету біршама жеңілдеді дейді білікті маман.

 

Борис Мокренский, “Қызылжар су” ЖШС кәріздік жүйе учаскесінің шебері:

-Мұнда кәсіподақ жұмыс атқарады, ұжым жақсы. Жалпы, қызметкерлердің еш алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай қарастырылған. Бұл жерде де ішкі істер органдарында сияқты тәртіп қатаң, өз міндетіңе жауапты болу керек. Жылдам әрі сапалы жұмыс істеу қажет.

 

Борис Мокренский мұнда ұлдарымен бірге еңбек етеді. Тұңғышы Евгений М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де электрэнергетика мамандығы бойынша білім алған. Қазір ол да шебер. Жас маман әкесінің ақыл-кеңесіне тыңдап тәжірибе жинақтауда.

 

Евгений Мокренский, “Қызылжар су” ЖШС электроцех шебері:

-Бастапқыда мына жаңа құрылғылардың орнында ескілері тұратын. Бірақ, 2011 жылдан бастап жағдай біршама оңала бастады. Қуаттылығы жоғары жиілікті реттегіш сатып алынды. Соның арқасында біз 2-ші сорғы станциясының қалыпты жұмыс істеуін бақылай аламыз.

 

Онымен қоса, қалаға үздіксіз су жіберіп тұратын трансформатордың кіші станциясы да жаңартылыпты. Ол толықтай автоматтандырылған.

Әкесі мен ағасының қатарына биыл үйдің ортаншысы Андрей Мокренский де қосылды. Ол “Қызылжар су” серіктестігінде өтеу қызметі жедел тобының бақылаушысы болып қызмет атқарады. Биыл кәсіпорынға еңбек әулетінің кенжесі Александр да жұмысқа кірмек.

 

Берік Қасен