Спорт

Евгений Эктов –Универсиада жүлдегері

 

Универсиаданың қола жүлдегері Евгений Эктовты жерлестері поездан құшақ толы гүлдермен қарсы алды. Барлығы бірден Қазан қаласынан үшінші орынды иеленіп қайтқан спортшыны қаумалап, оның қуанышымен бөлісуде.

 

Евгений Эктов, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Бұдан жоғары нәтиже көрсетуге тырысып бақтым. Бірақ, жарыста алған болмашы ғана жарақатым сыр берді.

 

Евгений Эктовтың жеңісі – кішіге үлгі. Жас спортшы Владислав Лаптев те Универсиада жүлдегерін қарсы алуға келіпті. Теледидардан оның жарыстағы әрбір қадамын баққан бозбала ертең Евгений ағасы сияқты әлем аренасында ел намысын қорғағысы келетінін айтты.

 

Владислав Лаптев:

-Біз үшін – байрақты бәсекелерге қатысып жүрген ағаларымыз бен әпкелерімізден үлгі алу мәртебе. Олар сияқты келешекте жақсы жетістікке қол жеткізіп, спорттың дамуына өз үлесімізді қосамыз.

 

Бұл – жерлесіміздің алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін де талай сындарды бағындырған. Биік белестерге жетіп жүрген Евгенийді әкесі білікті бапкер Александр Эктов жаттықтырады.

 

Александр Эктов, Евгений Эктовтың әкесі, жаттықтырушысы:

-Қазақстан құрамасынан Универсиадаға қатысқан 15 жеңіл атлеттің 4-еуі Солтүстіктен болғаны мені қуантады.

 

Евгений Эктовтың жары Ирина халықаралық жарыста үш қарғып секіруден бағын сынаған. Алайда, 3-ші орыннан көрінуге не бары 1 сантиметр жетпей қалыпты.

 

Ирина Эктова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Мен 4 жыл бұрын осындай Универсиадаға қатысып 4-ші орын алғанмын, бірақ бұл жолы да осындай нәтиже болады деп ойламаған едім. Мұнымен менің жеңіске деген үмітім үзілген жоқ. Келесі Универсиадада қалай да 1-ші орыннан көрінуге тырысамын.

 

Эктовтар отбасын әлі талай жетістіктер күтіп тұр. Олар алдағы уақытта да өздерінің мықты екендіктерін әлем додаларында дәлелдемек.

 

Берік Қасен