Билік

Солтүстікқазақстандықтар өз бұйымтайларын облыс әкіміне ғаламтор арқылы да жеткізе алады

Мәселен, Зайсан шағын ауданының азаматтары жазған жол мәселесі шешілді. Мұндағы бірнеше жыл жөндеу көрмей, жаяу жүргінші түгіл, көлік өте алмайтын жағдайға жеткен көше қалпына келтірілген.

Ізтөлин көшесіне жөндеу жүргізілмегеніне бірнеше жыл болыпты. Маңайдағы тұрғындар жол деп айтуға ауыз бармайтын дейді. Әсіресе, еріген қар суы басқанда қатынас мүлдем үзілетін. Батпақ кепкеннің өзінде көлік түгіл, жаяу жүрудің өзі мұңға айналған екен.

Владимир Вождаев:

Балалар мектепке жете алмай әуреленеді. Жауыннан кейін тізеден асқан су жатады. Азық-түлікті мол қылып алып қоятынбыз. Шілде айына дейін жедел жәрдем шақыра алмай біраз қиналдық. Абырой болғанда, тілсіз жау үстемдік танытпады. Әйтпесе, өрт сөндіру көлігі өте алмаушы еді.

 

Баспана иелерінің дені – аға буын өкілдері. Шұңқырларды өз күштерімен тегістеуге тырысқандарымен жағдай оңала қоймаған. Ашынған тұрғындардың баспаған жері, бармаған тауы қалмапты. Бұған жауапты қызметтердің табалдырығын тоздырумен болдық дейді. Алайда, көмек қолы созылмады. Мәселелерімен жападан жалғыз қалған тұрғындар өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің блогына жазуды жөн көрген.

 

Раиса Хабибулина:

Ғаламтордағы облыс әкімінің жеке сайтына кірдім. Сауалдар мен ұсыныстар жолдауға болатынын көріп қуанып қалдық. Мәселемізді ашып, өңір басшысынан демеу жасауды өтіндік. Бірнеше жыл адам қолы тимеген жол 2-ақ күнде қалпына келтірілді.

 

Өткен жұмада жол жаңа кейіпке енді. Алдымен көше судан арылды. Кейін шұңқырлар тегістеліп, қиыршық тас төселді. Демалыс күндері толассыз жауған жаңбырдың ізі де жоқ. Енді бұрынғыдай етікпен емес, жеңіл аяқ киіммен жүруге ыңғайлы болды. Тұрғындар жол түзелгесін  жиналып қалған қоқыстың да шығарылатынына үмітті.

 

Раиса Хабибулина:

Облыс әкімі блогының нақты жұмыс істейтініне көзіміз жетті. Бұл біздің біраз мәселемізді шешті. Үздіксіз қатынас орнады. Жолдың кесірінен коммуналдық қызметтер қоқыс шығара алмайтын. Одан да арылатын болдық. Сұрауымызды бірден қанағаттандырған аймақ басшысына алғысымыз шексіз.

 

Облыс әкімінің блогы мен виртуалдық қабылдауы мамыр айынан бастап қызу жұмыс істеуде. Бүгінде оның мүмкіндігін 40-қа тарта жерлесіміз пайдаланып үлгерген.

 

Жеңіс Ермұқанов