Билік

Петропавл қаласының әкімі Заречный кентінің тұрғындарымен кездесті

 

Соңғы рет қала әкімі Заречный кентінің тұрғындарымен үстіміздегі жылдың ақпан айында кездесіпті. Есептік жиында көтерілген сұраулардың негізгі дені қанағаттандырылған. Атқарылған шаруаға уәждері жоқ. Алайда, уақыт күттірмейтін мәселелер тағы қордаланып қалыпты. Жиналғандар бұл жолы да бір шешім табылатынына үмітті. Әсіресе, жолдардың тозуы баршасының ортақ бас ауруына айналған көрінеді.

 

Людмила Кириллова, Заречный кентінің тұрғыны:

-Бірқатар үйлер орталықтандырылған жылыту желісіне қосылды. Бұл – әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ, жерасты құбырлар төселгеннен кейін үстіңгі жағы қалпына келтірілген жоқ. 1-ші Заречный көшесінде жол әлі бұзулы күйінде жатыр.

 

Шаһар басшысы ай соңына дейін бұл олқылықтың түзетілетінін жеткізді. Алайда, жол толығымен келесі жылы жөнделеді. Ендіғой Опанова Заречный 51 А мекенжайы тұрғындарының шағымдарын арқалап келген. 53 пәтерлі баспана апаттық жағдайда тұр.

 

Ендіғой Опанова, Заречный кентінің тұрғыны:

Суағарлар жоқ. Тротуар жоқ. Үйге бір баған мен екі лампа орнату керек. Ешқандай шешімі жоқ. Соны шешсе екен деп ойлаймын.

 

Төлеген Закариянов келесі жылы аталған баспана “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына енгізілетінін айтты. Жиында коммуналдық қызметтер жұмысының сын көтермейтіндігі де сөз болды. Бәріне ортақ 4-ақ қоқыс жәшігі бар. Кентті толықтай қамту үшін кемінде тағы 40 шақтысы қажет.

 

Жанна Мухачева, Заречный кентінің тұрғыны:

Қоқыс жәшіктерін орнату жөнінде көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері келісімге тұрған. Алайда, оларды жеке сектор да пайдаланады. Тіпті, тұрмыстық қалдықтар машинамен де төгілетін болды.

“Коммунсевер” кәсіпорынының өкілдері бірер аптаның ішінде қосымша жәшіктерді орнататындарын айтып сендірді. Сондай-ақ, қоғамдық монша мен дәріхананың жоқтығы да өзекті. “Қазпошта” бөлімшесінің жабылуы да біраз қиындықтар тудыруда.

 

Тамара Манцуровская, “Қазпошта” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Табыс көзінің жоқтығынан жұмысымызды тоқтатуға тура келді. Қайта ашатын болсақ, жылына шамамен 700 мың теңгенің шығынына ұшыраймыз.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

Жеке компания болған соң әрине, пайданы санайсыздар. Алайда, бұл әлеуметтік нысан халық үшін керек. Бар қажеттіліктен айыруға болмайды. Біз бұл шығынды өз мойынымызға аламыз. Пошта жұмысын жандандыру керек.

 

Айта-айта жауыр болған мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жағдайы да алаңдаушылық тудырады. Шағын орталық бар. Бірақ ол тым аздық етеді. Оның өзіне жарты-ақ күн жұмыс істейді. Бұл ата-аналарға мүлдем қолайсыз екен.

 

Ольга Васильева, Заречный кентінің тұрғыны:

– Бізде балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер көп. Қаланың өзге аудандарындағы бөбекжайларға беруге тура келіп отыр. Шағын орталықтың барынан жоғы. Не бары 2,5 сағат қана жұмыс істейді.

 

Бұның түйінін тарқатуға әзірге уақыт қажет. Облыс орталығының жетекшісі бір амалын қарастыратынын жеткізді. Көтерілген бар мәселе Төлеген Закарияновтың бақылауына алынды.

 

Жеңіс Ермұқанов