Қоғам

Экологтар жартыжылдықты қорытындылады

 

Экологтар ағымдағы жылы 186 тексеріс жүргізіп, 316 заң бұзу фактісін анықтаған. Сөйтіп, талапты орындамаған тұлғаларға 20 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Табиғатты пайдаланушылар көбінесе, рұқсат қағаздарын алу, есеп тапсыру және экологиялық сараптамадан өткізу жұмыстарын кешіктіріп жатады дейді мамандар. Табиғат қорғау заңын сақтамаған кәсіпорындар да бар.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

-Ағымдағы жылдың мамыр айында «СевКазЭнерго» АҚ-на Белое көліне зиян келтіргені үшін 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

 

Жоспарлы тексеріс жұмыстарымен қатар, эколог мамандар рейдтік шараларды да жиі жүргізіп тұрады. Биыл жер қойнауы ресурсын заңсыз пайдаланудың 5 фактісі тіркеліпті. Солардың бірі Тайынша ауданында орын алған.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

-Петропавл- Көкшетау тас жолында «Ақмола құрылыс материалдары» деген мекеме жол салып жатыр. Оларға заңсыз жұмыс жүргізгені үшін 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

 

Айта-айта жауыр болған тағы бір мәселе бұл – қоқыс жайы. Осы орайда мамандар 147 тексеру жүргізіп, өндіріс және тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге төгу бойынша 139 заң бұзушылықты анықтаған. 155 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Мағжан Ахмадина