ТЖ

Өрт сөндірушілер әулеті

 

Өрт сөндірушінің қызметін ең алдымен Сейітжан Нүкішевтің ағасы қалапты. Кейін ағасының ізгі жолын інісі де басқан. Қазір Сейітжан Нүкішев құрмет демалысында. Бірақ әлі күнге дейін өрт сөндіру бөлімдеріне барып, таудай тәжірибесімен бөлісіп тұрады.

Сейітжан Нүкішев, ҚР ТЖД ардагері:

– Жас сарбаздармен жиі кездесіп тұрамын. Көбі менен ақыл- кеңес сұрап жатады. Мен, әсіресе, бөлімдердің қазіргі материалдық- техникалық жабдықталуына қарап риза боламын. Заманауи құрылғылардың мүмкіндігі мол.

 

Сейітжан Ғалымжанұлының үлкен ұлы – Нұрлан да әке жолын қуып, осы қызметті қалаған. Оның бұл салаға бет бұруына бала кезіндегі естеліктері септескен.

 

Нұрлан Нүкішев,СҚО ТДЖ Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі Петропавл қаласы МЖ бастығы:

-Бала кезімде әкеммен жұмысқа бірге еріп баратынмын. Ал, әкем жұмыстан келгенде күйе жұққан киіміне қарап таң қалатынмын. Мен оның өрт сөндірушілердің ерлігі жайлы айтқан әңгімесін естіп өстім. Бұл 1996 жылы Көкшетау қаласындағы техникалық институтқа түсуіме түрткі болды.

 

Нұрлан Сейітжанұлы оқуын 1999 жылы аяқтайды. Инспектор болып бастаған ол бірнеше жауапты қызметтер атқарған. Қаладағы 5 өрт сөндіру бөліміне осымен 6 жыл басшылық етуде. Тәжірибесі жетерлік, өз ісінің майталманы. Десе де, Нұрлан Нүкішев әкесімен жиі ақылдасып тұруды жөн көреді.

 

Нұрлан Нүкішев, СҚО ТДЖ Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі Петропавл қаласы МЖ бастығы:

– Әрине, әкем маған ылғи кеңестер беріп, қолдау көрсетеді. Білмей жатқан мәселелерімді бірге шешеміз.

 

Сейітжан Нүкішевтің осы салада еңбек еткеніне 33 жыл болса, оның бауыр еті баласы Нұрлан өрт сөндіру қызметіне 17 жылын арнаған.

 

Мағжан Ахмадина