Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта болды

Өңір жетекшісі алдымен есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатын аралады. Кабинеттер заманға сай жабдықталған. Бүгінде мұнда 150 оқушы тәлім алуда. Оларды 90 мұғалім оқытады. Осыдан кейін аймақ басшысы халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын «Sensitive» би ансамблінің дайындығын байқады.

Әнді тұла бойыңнан өткізіп, саз ырғағын жан дүниеңмен сезіну. Бұл құлағында мүкісі бар жасөспірімдер үшін қиын екені сөзсіз. Алайда, тағдырдың тәлкегіне іліккен «Sensitive» би ансамблінің мүшелері еш мойыған емес. Өмірге деген құлшынысымен, асқан ерлігімен жұртты таң қалдыратын олар өнерімен кәсіби бишілерден кем түспейтінін дәлелдеді. Дарынды балаларын қолдауға ата-аналары да келді. Ұл-қыздарының биік белестерді бағындырып жүргенін көріп қуануда.

 

Ирина Кузьмина:

-Балаларымыздың шетелге баруына көмектескен облыс әкіміне деген алғысымыз шексіз. Біздің балаларымыздың көздерінде от ойнап тұр, олар үлкен жетістіктерге жетуге талпынуда.

 

Жарасымды қимылдар мен жастардың жарқын жүздеріндегі әсем күлкі. Асқан шеберлігімен қазақстандықтардың жүрегіне жол тапқан жерлестеріміз санаулы күндерден кейін шетелдіктерді де тамсандырмақ. Ол үшін күні-түні қызу дайындалып жатыр. Вена вальсы, пасодобль және ча-ча-ча билерін әзірлеген. Ең күрделісі – соңғысы дейлі Ольга Ростовщикова.

 

Ольга Ростовщикова:

-Жолға шығуымызға 2-ақ күн қалды. Жеңіске қол жеткіземіз деген үмітпен аттанғалы тұрмыз. Ол үшін күн демей, түн демей дайындалып жатырмыз. Билердің ішіндегі ең қиыны – латин-американдық би ча-ча-ча. Күрделі қимылдары көп. 3 жұп бірдей билеу керек.

 

Алыс сапарға шығуды бұл балалардың қалтасы көтермейді. Алдына айқын мақсат қойған талаптылардың ойын жүзеге асыруға мейірімді жандар демеу берді. Қомақты қаржыны жиюға өңір жетекшісі Самат Ескендіров көмектесті. Өнерлі ұжымның дайындығын бақылаған аймақ басшысы жасөспірімдерге сәт сапар тіледі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Чебоксары қаласындағы жеңісімен құттықтап, жауапты сын алдында «Sensitive» би ансамблінің мүшелерін қолдауға келдім. Біз әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз.  Елімізді әлемге тағы бір қырынан паш етіп,  лауреат атанасыңдар деп үміттенемін.

 

Кейін облыс әкімі балаларға Елтаңбаның белгісі және ағылшын тілінде «Солтүстік Қазақстан» деп жазылған жейделерді табыс етті.

 

Элина Мессерле, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы   мектеп-интернат оқушысы:

-Көмек көрсетіп, Қазақстаннан барғанымызды айқындайтын осындай киім бергеніне зор алғысымды білдіргім келеді. Қатты қобалжып тұрмыз, әрине. Дегенмен, бізге үлкен үміт артқан азаматтарды жерге қаратпауға тырысамыз.

 

Халықаралық байқау шілденің 26-30 аралығында Болгария елінде өтеді.

 

Айдана Демесінова