Спорт

Балалар үйлері тәрбиеленушілері арасындағы бірінші өңіраралық спартакиада

 

Спартакиада спорттың 5 түрін қамтыды. Олар: шағын футбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы және жүзу. Сайысқа 11 – 15 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың 100-ден астам тәрбиеленушілері қатысты. Солардың арасында Астана қаласынан келген Қайырбек Әлиев те бар. Ол үстел теннисінен сынға түсті.

 

Қайырбек Әлиев, Астана қаласы отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушісі:

-Жарыстардың ішінде үстел теннисіне қатысып жатырмын. Жаңа ғана қарсыласымнан 2 ұпайға жеңілдім, бірақ оған ренжіген жоқпын, керісінше Петропавл қаласына келіп, спартакиадаға қатысқаныма қуанамын.

Жеткіншектектердің жеңіске деген құлшыныстары мен талаптары зор. Бұндай жігерді дойбы ойнап отырған 7-сынып оқушысы Елена Сутангиреевадан байқадық.

 

Елена Султангиреева, СҚО жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат  тәрбиеленушісі:

– Сайысқа алғашқы қатысуым, дойбымен 2 жыл айналысамын. Жарыста жеңілмеу үшін көп дайындалдым. Мұнда кейбірімен танысып, достасып та үлгердім.

 

Ал, баскетбол алаңында петропавлдық жасөспірімдер Ақмола облысы, Ақкөлден келген қонақтарды қабылдады.

 

Александр Иванов, СҚО жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:

– Команда мықты екен. Ойында деңгейіміз бірдей болғанымен, біз намысты қолдан бермедік. Есеп 39:14 біздің пайдамызға шешілді.

 

Бүгінгі жарысқа қатысушылар ертең елімізді әлем ареналарында көрсететін майталманға айналуы мүмкін. Болатын баланы қазірден бастап тәрбиелеп, үлкен азамат қылу біздің міндетіміз дейді спартакиаданың бас ұйымдастырушысы.

 

Евгений Рибалко, өңіраралық спартакиаданы ұйымдастырушы:

– Балаларға қызық болсын деп спортық бағдарламалардың кейбіреуін шығармашылық тұстармен байыттық. Гір спортынан жетістікке жеткен елге танымал чемпиондарды шақырдық. Бұл жоспарлаған жобамыз келешекте сәтті болмақ, себебі спартакиаданы басқа да өңірлерде өткізетін боламыз.

 

Жеңімпаздар белгілі болды. Петропавл құрамасы шағын футбол, баскетбол, үстел теннисінен топ жарды. Жүзу және дойбы тартыстарының бас жүлдесін Ақмола облысының спортшылары еншіледі. Жалпыкомандалық есепте үздік ұпай жинаған алаң иелері мен астаналықтар ақшалай сыйақыға ие болады. Суырылып алға шыққандардан байрақты додаларда өңір намысын қорғайтын құрама жасақталады.

 

Берік Қасен