Құқық қорғау органдары

Көлік тонауды кәсіп еткен ұры ұсталды

 

Соңғы уақытта темір тұлпар иелерінен көліктеріндегі бағалы заттардың ұрланғаны жәнінде шағымдар жиілеген.Бұл қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 34 жасар петропавлдық ұсталды. Бірқатар көлік иесін сан соқтырып кеткен сезіктінің үйінен олжаланған заттар тәркіленді.

 

Күдікті:

-Телефон және екі бума темек ұрладық, КАМАЗ жүргізушілеріне 4000 теңгеге саттық.

 

Айыпталушы тергеу амалдары барысында кінәсін толықтай мойындады. Баукеспе қараусыз қалған машина есігінің құлпын бұзып, іштегі магнитола, ұялы телефон, кілт-сайманға дейін қолды етіп отырған. Осылайша, 4 бірдей темір тұлпардың тоналғандығы белгілі болып отыр. Қазір сезіктінің басқа да қылмыстарға қатыстығы анықталуда.

 

Дулат Мұхаметрақымов, Петропавл қалалық №2 ІІБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:

– Қылмыстық әрекетін “Алтын Арман”, “Ассорти” және орталық көтерме сауда базарларының маңында жүзеге асырып отырған. Бұл жерлерде халық көп шоғырланған. Адамдар көліктерін жиі қараусыз қалдырып кетеді.

 

Бұрындары басы істі болған күдікті наркологиялық диспансерде тіркеуде тұр екен. Заңсыз кәсібінен түскен ақшаны есірткі алуға жұмсап отырған. Бөтеннің мүлкін қолды етуге әуес азамат қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

 

Жеңіс Ермұқанов