Мәдениет

“Sensitive” би ансамблі халықаралық байқауға барады

 

Бұл – балалардың алғашқы дайындығы. Жазғы демалыстан келген олар өз істеріне бірден кірісіп кетті. Өйткені, оларға артылған жүк салмақты. Дарынды жасөспірімдер халықаралық байқауда ел намысын қорғамақ. Сын шілденің 22-сі – тамыздың 5 аралығында Болгария елінде өтеді. Онда кәсіби бишілер өнер көрсетеді. Солардың ішінде тек біздің бишілердің ғана мүмкіндігі шектеулі.

 

Динара Сартаева, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушысы:

-Бізге қолдау көрсеткен азаматтарға деген алғысымыз шексіз. Арнайы киімдерді де дайындап қойды. Болгария еліне барып, өнер көрсетеміз. Жеңіске жетуге ұмтыламыз.

Роман Иванов, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушысы:

Қатты қобалжып тұрмыз, әрине. Сынға үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Өйткені оған әлемнің мықты бишілері жиналады. Қазақстанның намысын абыроймен қорғауға тырысамыз.

 

Әнді тұла бойынан өткізіп, саз ырғағын жан дүниеңмен сезіну. Бұл құлағында мүкісі бар жасөспірімдер үшін қиын екені сөзсіз. Алайда, тағдырдың тәлкегіне іліккен «Sensitive» би ансамблінің мүшелері еш мойыған емес. Өмірге деген құлшынысымен, асқан ерлігімен жұртты таң қалдыратын олар өнерімен кәсіби бишілерден кем түспейтінін дәлелдеді.

Жарасымды қимылдар мен жастардың жарқын жүздеріндегі әсем күлкі. Есту қабілетінен айырылған жерлестеріміздің шеберлігі қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де тамсандырады. Бұл талапты жастар талай байқауларда биік белестерді бағындырған. Олардың шеберлігін тамашалағаннан кейін көпшіліктің көзіне еріксіз жас келеді екен.

 

Ольга Ростовщикова, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының қосымша білім беру педагогы:

-Біздің балалар өнер көрсетіп болғаннан кейін көрермендер келіп алғысын айтып жатады. Көз жастарын жасыра алмайды. Сонда шәкірттерім «олар неге жылайды» дегенде тығырыққа тірелемін. Мен «Олар сендердің ерліктеріне, өнерлеріне қуанып тамсанады» деп жауап беремін.

 

Алыс сапарға шығуды бұл балалардың қалтасы көтермейді. Алдына айқын мақсат қойған талаптылардың ойын жүзеге асыруға мейірімді жандар көмектесті.

 

Ольга Ростовщикова, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының қосымша білім беру педагогы:

-Көпшіліктің үмітін ақтап, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз. Жақсы өнер көрсетеміз деген сенім бар. Астана қаласындағы «Жұлдызай» қайырымдылық қорына рахмет айтқым келеді. Облыс әкімі Самат Ескендіров те зор көмек көрсетті. Материалдық жағынан жәрдемдескен өңір жетекшісіне деген алғысымыз шексіз.

 

Халықаралық сынға «Sensitive» би ансамблі 3 би әзірлеуде: вена вальсы, ча-ча-ча және пасодобль билері. Болгария елінде олар өз мүмкіндіктерін көрсетумен бірге шеберліктерін шыңдай түспек. Жалпы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының 31 тәрбиеленушісі бимен айналысады.

 

Айдана Демесінова