Билік

Үкімет инвестиция тарту және жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылады

 

Жиында алдымен инвестицияларды тарту мәселесі талқыланды. Жалпы, елімізге 171 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылыпты. 48 млрд-ы соңғы 4 жылда орындалды. Оған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының қолға алынуы септескен. Жиында индустриалды аймақтардың жағдайы да сөз болды. Елімізде мұндай 5 жер бар. Тағы 12-н құру көзделіп отыр. Кеден Одағының құрылуымен инвестиция тарту бойынша бәсеке артыпты. Өйткені, ресейлік кәсіпкерлер де сырттан қаржы тартуға ниетті. Үкімет басшысы Серік Ахметов әрбір арнайы экономикалық аймақты дамытып, инвесторлардың назарын аудару үшін қолға алынған істі жалғастыруды тапсырды.

Кейін, жылыту маусымына дайындық сараланды. Қысқа әзірлік жұмыстарын қазанның 15-не дейін толығымен аяқтау қажет. Әзірге, бұл шаруа жоспарға сай орындалып жатыр. Тұтынушылардың дебиторлық қарызы да назардан тыс қалмады. Бүгінде ол ел бойынша 6,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл көшті Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары бастап тұр. Селекторлық байланыс үзілген соң бұл мәселелер облыс деңгейінде қаралды. Өңір жетекшісі Самат Ескендіров жаңадан құрылған облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищевке өңірімізге инвестиция тарту мүмкіндіктері бойынша сараптама жасауды міндеттеді. Сондай-ақ, аймақтағы жылыту маусымына дайындық та таразыланды. Осы жөнінде штабтың 5 отырысы өтіпті.

 

Хасип Сюникаев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-«Жылу желілері» кәсіпорны шаруаны уақытылы тындырмаған. Өткен 2 аптада олар олқылықты түзеді. Алайда, күнтізбелік кестеге сәйкес жылу желілерінің жұмысы облыс орталығында артта қалуда. Соңғы отырыста осыған қатысты шаралар қабылданды.

 

Жылу желілері кәсіпорнының өкілдері мәселенің түйінін тарқататынын айтты.

 

Еділ Көпенов, «Севказэнерго» АҚ басқарма басшысы:

-Күн сайын өткізілетін гидравликалық тексерулер барысында ақаулар көбірек анықталып жатыр. Желілердің жағдайы тым нашарлаған. Олқылықты жою бағытында шаруа атқарылуда, демалыс күндері де жұмыс істеп жатырмыз. Жылыту маусымының басына дейін барлық істі тындырамыз деп ойлаймын.

 

Петропавл қаласында да қысқа әзірлік жұмыстары қыза түсті. Облыс орталығындағы 300 көпқабатты үй жылыту маусымына сақадай сай.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Тұрғын үйлерде жүріп жатқан дайындық бойынша мәселелер туындамауы тиіс. Тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында облыс орталығындағы барлық үйде тиісті жұмыстар аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

 

Аймақ басшысы дайындықтың осал тұстарын дер кезінде анықтау маңызды екенін атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жоба-сметалық құжат әзірлегенде олқылықтар болып жатады. Сондықтан Сізге облыстық басқармалармен бірлесіп осы тұсты қарастыруды тапсырамын. Қаланы қысқа уақытылы дайындау қажет.

 

Жиын барысында облыс әкімі облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушымен таныстырды. Бұл қызметке Шолпан Қаринова тағайындалды. Ол осыған дейін Петропавл қаласы әкімінің орынбасары болған. Білім беру мекемелерінің жылыту маусымына дайындығы бүгінде 45 пайызды құрап отыр. 709 нысанның 325-сі тиісті жұмысты аяқтаған. Аймақ басшысы Шолпан Қариноваға қысқа дайындық ісіне білек сыбана кірісуді тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Шолпан Таңатқызы, білім беру мекемелерін қыс мезгіліне дайындаңыз. 1-қыркүйекке дейін мектептер жылыту маусымына сақадай сай болуы тиіс.

 

Денсаулық сақтау мекемелері де аязды күндерге дайындалуда. Жұмыс жоспарға сай жүруде. Шаруаның 46 пайызы орындалған.

Жалпы облысқа 218 мың тонна көмір қажет. Оның 71 пайызы жеткізіліпті.

«Қызылжар су» серіктестігі де жаңа маусымға дайындалуда. 19 шақырым кәріздік желіні тазарту көзделіпті. Алайда, бұл көрсеткіш аз.

 

Аслан Сатин, “Қызылжар су” ЖШС директоры:

-70-90 км кәріздік желіні тазарту керек. Алайда, таңғы сағат 7-ден түнгі 11-ге дейін және демалыс күндері жұмыс істейтінімізге қарамастан біз үлгермей жатырмыз. Техника аз.

 

Өңір басшысы Самат Ескендіров бұны шешуді тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мәселені  шешу жолдарын қарастырыңыз. Тарифті көтеруге рұқсат бердік. Жеке секторда қыс мезгілінде туындайтын проблемалар көлеңкеде қалмасын.

 

Жиын соңында облыс әкімі аймақтағы барлық кәсіпорын аязды күндерге 100 пайыз әзір болуы керек екенін айтты.

 

Айдана Демесінова