ТКШ

Петропавлдың су құбырлары жүйелерін күрделі жөндеу

 

 

Тұтынушыларға сапалы тіршілік көзін жеткізу үшін “Қызылжар су” ЖШС кешенді жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Таза ауыз судың үздіксіз тарауын мына қуаттылығы 10 мВт болатын электр станциясы қамтамасыз етеді. 130 млн теңгенің нысаны 2 жыл бұрын іске қосылды.

 

Серікпай Бекмағамбетов, “Қызылжар су” ЖШС бас электригі:

-Жұмысымызға жабық тоқ көзін таратқыш станция ендірілгелі апаттар біршама азайды. Өйткені, ескісі 40 жылдай қызмет етті. Төменде орналасқандықтан ағын су басып кететін. Осыдан жиі істен шығатын болды. Жаңасы үздіксіз жұмыс жасайды. Бір жері жарамай қалса, бірден резервтегі генератор қосылады.

 

Жаңа трансформатордың арқасында гидросоққылар азайды. Сондай-ақ, насосты станциялар жетілдірілген. Мәселен, мына 1 сорғы нысаны толықтай автоматтандырылған. Бұл жүйе желідегі қысымды  реттеу үшін қажет. Есесіне, электр энергиясын 20 пайызға дейін үнемдеу мүмкіндігі туды. Ең бастысы, тұрғындарға тіршілік көзі үздіксіз жетіп тұрады. Әбден ескірген құбырларға да күш артық түспейтін болды. Бүгінде кәсіпорын қарамағындағы 308 шақырымдық үлестіргіш желінің 80 пайызы тозған. Суағарлардың да күйі мәз емес.

 

Ержан Құсымбаев, “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

-Инженерлік желілер жетілдірілуде. Солтүстік коллектор жаңартылды. 2012 жылдан оңтүстік коллектор қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде 3 кезеңі аяқталды. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үстігіміздегі жылы бұл шаруаға 900 млн. теңге қарастырылды.

 

Биыл кәсіпорын жеке қаражатына 7,5 шақырымдық үлестіргіш желіні жаңадан төсейді. Сондай-ақ, 1,5 км. суағар тартылмақ. Кешенді шаралардың арқасында күтпеген апатты жағдайлар үштен біре кеміді. Нормативтік шығын 18,9 пайызға дейін төмендетілді.

 

Жеңіс Ермұқанов