Энергетиктер әулеті

Энергетика

14:00 16 Шілде 2013

Халықты қуат көзімен қамту саласында Фоминыхтер әулетінің 5 бірдей мүшесі жұмыс істейді. Кәсіпорын биыл 50 жылдығын тойлайтын болса, отағасы Александр Фоминыхтың мұнда еңбек еткеніне – 44 жыл. Әке көрген оқ жонар демекші, оның айтуынша, кезінде әкесі ЖЭС-н салуға қатысқан.

Александр Фоминых, “СК РЭК” АҚ кіші станса қызметінің маманы:

– Мен мұнда оқуымды аяқтағаннан кейін ойланбастан бірден келдім. Міне, содан бері қарап отырсам 44 жыл өтіпті. Бала-шағаммен бірге осы кәсіпорында жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын.

Үйдің ұйытқысы – Галина Фоминых осында жұмысшылардың киімін қалыпқа келтірумен айналысып, өткен жылы ғана зейнетке шыққан. Балалардың үлкені Сергей де әке жолын қуыпты. Кішкентай кезінен жұмыс барысымен таныс ол, есейе келе арнайы оқуды тәмамдап, туғандарының ізін жалғаған. Қатардағы электр желілерін жөндеу шебері боп бастаған Сергей бүгінгі таңда кіші станция қызметінің басшысына дейін жеткен.

Сергей Фоминых, “СК РЭК” АҚ кіші станция қызметінің басшысы:

-Біздің қызметте 52 адам жұмыс істейді. Облыста 163 кіші станса бар болса, соның 18-і қалада орналасқан. Біз олардың үнемі жұмыс істеп тұруын қадағалаймыз.

Әулет дәстүрін Сергейдің інісі Юрий мен қарындасы Оксана да жалғастырған. Юрий Фоминых – қазір кіші станса қызметінің шебері. Ал, Оксана Запорощенко трансформатордың қосалқы бөлшектерін сыммен орайды. Оның жұбайы Павел Запорощенко мұнда бас инженердің міндетін атқарады. Бүгінде “Севказэнерго” компаниясында отбасы құндылықтарын мықтап сақтаған бірнеше әулет еңбек етеді.

Берік Қасен