Қоғам

Петропавлда Сабантой өтті

Сабантой – еңбек пен ізгіліктің, татулық пен достықтың, береке-бірліктің мерекесі. Жарқын мейрамды атап өтуге жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің өзге өңірлерінде сияқты ұлт өкілдері бейбіт өмір кешеді. Достық пен берекенің мерекесіне айналған Сабантой – татар халқының ғана емес, өзге де ұлттардың басын қосып, кең көлемде атап өтіледі. Облыс әкімінің атынан сіздерді мейраммен құттықтаймын.

 

«Дуслык» татар-башқұрт орталығы Сабантойды мерекелеуге тыңғылықты дайындалған. Той-думанға Астана мен Қазан қалаларынан да қонақтар келіпті. Баршасы бірдей мейрамға белсенді түрде атсалысуда.

 

Наиль Салимов, «Дуслык» татар-башқұрт орталығының төрағасы:

– Сабантой – Қазақстан халқы ассамблеясының құрамына кіретін барша ұлт өкілдерін біріктіретін мереке. Ол татар халқының мәдениетін, өнерін, тілі мен әдет- ғұрпын паш етеді. Жастар осы дәстүрді жалғастырса екен дейміз.

 

Мерекені тойлауға жиылған халықтың көңіл-күйін нөсер жаңбыр да серпілте алмады.

 

– Жаңбырға қарамастан мереке жақсы өтіп жатыр. Барлық жерлестерімді осы мейраммен құттықтаймын.

– Сахнада түрлі ұлт өкілдері өз өнерлерін көрсетуде. Еліміздегі осындай татулық пен бірліктің барына қуаныштымын. Мереке құтты болсын!

 

Сабантой ұлттық ойындармен жалғасып, ән-биге ұласты.

 

Мағжан Ахмадина