Спорт

Петропавлда қала кубогі үшін авторалли өтті

 

 

Жарыс тәрбіті оңай емес. Көлікпен алаңдағы кедергілерді құлатпай өтіп, әрі жылдамдықты қоса түсу қажет. Сол себепті, қатысушыларға қойылатын талап та жоғары. Жүргізушінің өмірі сақтандырылған құжат, көлігінде шлем және өрт сөндіргіші болу керек. Автожарысқа қатысуға тілек білдірген барлығы 25 жүргізуші, 2-уі – нәзік жандылар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қыздар алғаш рет қатысуда. Соның бірі – 22 жастағы Татьяна Ручкина. Соған қарамастан бойжеткеннің жүзінен қобалжу байқалмайды. Өз-өзіне сенімді. Тепсе темір үзер жігіттермен қатар сайыста көлік айдап, қарсыластарын артта қалдырғысы келетінін Татьяна жасырған жоқ.

 

Татьяна Ручкина, жарысқа қатысушы:

Жарысқа көп уақыт дайындалдым. Осы спорт түрімен менің досым айналысады. Соған қарап мен де қызықтым. Бүгінгі автожарыста қарсыластарымнан озып, жүлделі орынға ие болсам деймін.

 

Қатысушылардың көліктері түрлі жазу және суреттермен безендірілген. Әрқайсысы өз қалауы бойынша темір тұлпарының іші мен сыртын өзгертіпті. Кейбірі, тіпті, құйындай жүйтку үшін құрылғыларын да ауыстырған.

 

Иван Пономарев, ралли-кростан спорт шеберіне үміткер:

Ралли жарысына мен 2007 жылдан бері қатысып келемін. Жеткен жетістіктерім де бар. Бүгін көлігімді де сынамақшымын. Өйткені, жуырда оған бірқатар өзгерістер енгіздім.

 

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан спортшылардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Осындай қызықты жарысты тамашалауға келген көрермендердің де қатары қалың болды.

 

Мұндай жарысты мен бірінші рет тамашалап отырмын. Әрине, өте қызықты.

Келгеніміз жаңа. Өңірімізде автоспорттың дамып келе жатқаны қуантады.

Автожарысқа қатысып жатқан қыздарға сәттілік тілеймін. Өзім де қатысар едім, бірақ, өкінішке қарай, көлігім жарамайды.

 

Жүргізудің 3 түрі бойынша Александр Новиков, Константин Шуклин және Юлия Крылова үздік деп танылды. Жарыс жеңімпаздары кубок, мақтау қағазы және сыйлықтармен марапатталды.

 

Майгүл Қажжан