Спорт

«Қызылжардың» өз алаңындағы кезекті ойыны сәтті аяқталды

 

Турнир кестесі бойынша өткен 17-ші ойында ауа райы қос қарсыласқа да кедергі бола алған жоқ. Кездесу басталысымен алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысып бақты. Алайда, қос қапталдағы шабуылдар нәтиже бере қоймады. Ала доп ұршықтай иірілгенімен қақпадан мүлт кетіп отырды. Сөйтіп, бәсекелестер үзіліске бірін-бірі ала алмай тарқасты.

Екінші таймда толассыз жауған жауын кенет тыйылып, күн шайдай ашылды. Осыны пайдаланып қонақтар бірден қарымтаға басты. Бұған петропавлдықтар онша саса қоймады. Қызылжарлықтардың тас қамалдай қорғанысы өз орнында. Есесіне, қорғаушысы Денис Щеткин қарсыластың қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты.

Айта кететін жайт, жерлес команда құрамында өзгеріс бар. Қатарға Ресей, Украина, Грузия және алматылық 4 жаңа ойыншы қосылыпты. Солардың арасында 11 нөмірлі жартылай қорғаушы Сабырхан Ибраев ойынның алғашқы сәтінен белсенділік танытты. Күш-жігер зая кетпеді. Жергілікті лиганың үздік бомбардирі санатында келе жатқан қорғаушы Александр Згура келесі бір мүмкіндікті қалт жібермей, есепті еселеді. Осыдан кейін қарсылас топтың шабуылдаушылары  есепті теңестіруге ұмтылды. Бірақ, еш нәтижесіз.

Төреші ысқырысымен жерлестеріміз ойын тізгінін өз қолдарына алып, қос қапталдан жойқын шабуылға көшті. Сөйтіп, жартылай қорғаушы Станислав Шуляк жанкүйерлерінің үмітін ақтап, жерлестеріне 3-ші голды сыйлады.

Кейін ойынның негізгі уақытына 3 мин қосылды. Қонақтар орындаған айып добы да қақпаның сыртына кетіп қалды. Өстіп, ойын өрнегі кездесудің соңына дейін өзгерген жоқ. Осылайша, 3:0 есебімен «Қызылжар СК» командасы жеңіске жетті.

“Қарасай” стадионындағы келесі ойын шілденің 16-шы жұлдызында өтеді. Жергілікті құрама өз алаңында Алматы облысының «Іле-Сәулет» командасын қабылдамақ.

 

Берік Қасен