Бизнес және экономика

Солтүстік Қазақстан облысындағы қаржы-экономикалық жағдай

 

 

Облысымыздың жалпы ішкі өнімінің 30 пайызы агроөнеркәсіп кешенінің үлесінде. Әсіресе, мал және өсімдік шаруашылығы әлеуетінің өскендігі байқалады.

 

Зиядден Молдағанапов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Біріншіден, мал басын арттыруға басымдық беріліп отыр. Мемлекеттік бағдарлама арқасында 2 жыл ішінде 30 мыңнан астам мал әкелінді. Ағымдағы жылдың басынан 12 мыңнан астам мүйізді жеткізілді. Соның есебінен ірі қара мал 7,5, жылқы 1, ал, құс саны 7,3 пайызға өсіп отыр.

 

Облысымыздың жалпы бюджет қоры 111 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Жалпы, бюджеттің 62 пайызы әлеуметтік салаға бөлініпті. Ол – 69 млрд теңгеден асады.

 

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының бастығы:

-Былтырғы жылмен салыстырғанда білім саласына бөлінген қаржы 5 пайызға, денсаулық саласы бойынша 30 пайызға артып отыр.

 

Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі 6 пайызға, жалақы мөлшері 8,2 пайызға артқан. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында еңбекақы көлемінің өскендігі байқалады. Қызмет көрсетудің құны 3,4 пайызға, ал азық- түліктің бағасы 1,6 пайызға көтерілген. Кездесуде тамыз айының 3-ші жексенбісіне ауыстырылған қала күнін тойлау мәселесі де сөз болды.

 

Шолпан Қаринова,  Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Қала күні негізгі мәдени-бұқаралық шаралар легімен байланыстырылады. Мереке бір жылда істелген жұмыстардың қорытындысы іспетті болғаны жөн.

 

Тамыз айында тойланатын қала күніне бюджеттен 5,5 млн теңге бөлінген.

 

Мағжан Ахмадина