Аптадағы маңызды жаңалықтар

«СҚО ауыл шаруашылығы дамуы өте қарқынды жүріп жатыр,бірақ әлеуеті әлдеқайда зор, соны пайдалану керек», – деді Ауыл шаруашылығы министрі

 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков алдымен Тайынша ауданының Абай ауылдық округіндегі “Астық STEM” серіктестігінде тындырылып жатқан істермен танысты. Өңірдегі ірі агроқұрылымдардың бірі жер өңдеумен бірге мал шаруашылығын қатар алып жүр. Мейман серіктестік қарамағындағы асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырлары мен шетелдік симменталдардың жай-күйін көрді. Жайылымда 330 бас жоғары өнімді зеңгі баба төлі оттап жүр. Аналық құнажындардың 97 пайызы биыл төл беріпті. Әрбіріне мемлекеттен 19 мың теңгенің субсидиясы бөлініп тұрады. Асылжан Мамытбеков мал азығының әзірлігін де қарады. Қыстап шығу үшін кемінде шөптің ғана 500 тоннасы қажет екен. Бүгінде маңызды науқан жоспарының 30% тындырылыпты. Негізінен, көпжылдық сөлді шоқ құлатылуда. Сондай-ақ, министр мұндағы көкөністі тамшылатып суары жүйесімен танысты. Бақша дақылдарының түр-түрі германдық тың технологиямен отырғызылған. Алқаптың 170 Га-ы картоптың үлесінде.

 

Сергей Звольский, “Астық STEM” ЖШС жетекшісі:

-Бұл жоба адам қолының күшін аса қажет етпейді. Бар үрдіс механикаландырылған. Таңертең сағат 6 кезінде бар алқап автоматты түрде суарылады. Кейін, тек құбырды жабуға ғана бір адам керек. Бұл технология бойынша алқап түптелмейді. Өйткені, өңдеуден кейін арам шөп шықпайды.

 

Межеленген бар жұмысты мына қаз-қатар тізілген техникалар атқарады. Асылжан Мамытбеков неміс елінде шығарылған агрегаттардың мүмкіндігімен танысты.

 

Сергей Звольский, “Астық STEM” ЖШС жетекшісі:

-«Киис-303» – техникасы жер өңдеуге арналған. Жыртылған аумақта топырақтың бір түйінін қалдырмай ұсақтап тастайды. Ал, мына комбайн күніне 5,5 Га аумақтағы картопты жинайды. Бұл – шамамен 200 тонна өнім.

 

Ведомство басшысы 1,5 тонна шикізат сақтауға арналған көкөніс қоймасын да аралады.

Кейін, министр Амандық ауылдық округіне соқты. Мұндағы “Агадес” ЖШС-ң құс фабрикасы 2003 жылы құрылды. Қанаттылар кешенінде де германиялық тәжірибе сәтті ендірілуде. Жоғары өнімді ломан классик кросының 420 мың тауығы өсіріледі. Олар жылына 105 млн-ға тарта жұмыртқа шығарады. Ал, “Ильичевка-Астық” серіктестігінде астық қабылдау кәсіпорны салынып жатыр. Асылжан Мамытбеков сыйымдылығы 14 мың тонна болатын элеватордың құрылыс барысымен танысты. Дән кептіргіш құрылғысы сағатына дымқыл бидайдың 40 тоннасын құрғатуға қауқарлы. Жоба құны – 440 млн теңге. Оның 40 пайызын “ҚазАгроФинанс” АҚ қаржыландырыпты. Нысан жыл соңында тапсырылады. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Тайынша ауданының азаматтарымен де жүздесіп, шаруа қожалықтары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Әңгіме негізінен субсидия төңірегінде өрбіді. Биыл астықты өлкеміздің ауыл шаруашылығын дамытуға ел қазынасынан 10 млрд теңге құйылған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-.Оның ішінде 2,5 млрд. мал шаруашылығына, қалғаны егіншілікке бөлінді. Ал несие жағына келетін болсақ “ҚазАгродан” 7 млрд. жақын қаржы алдық. 3 млрд “ҚазАгроФинанс” АҚ, қалғанын “Азық-түлік-келісім шарт корпарациясынан”. Бұнымен мемлекеттік демеу тоқтатылмайды. Егін орағы кезінде астық сатып алуға тағы 6-7 млрд. теңге тиеді деп ойлаймын.

 

Жер емген шаруалардың көбін мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың жаңа тетіктері қызықтырды.

 

Асылжан Мамытбеков , ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– 1,2 репродукторлық бидайға субсидия тек жергілікті жерден бөлінеді. Сондықтан  диқандардың көбі тұқымын жетілдірілген түрлермен жаңартуға ниет танытпайды. Енді, тек 100 пайыз элиталық дән сіңіргендеріне ғана қолдау бар.Бұл – біріншіден, өнімді сапаландырып, ауыл шаруашылығын дамытудың таптырмас жолы. Агроқұрылымдар бизнесін жақсартуға әрекет жасамаса субсидия алудың жолы үзіледі. Егістік науқанын межеленген уақытта аяқтамағандарына да демеу тоқтатылады. Бітік егін ору үшін белгілеген уақытта науқанды аяқтау қажет. Әрине, әр өңірдің табиғи ерекшеліктері ескеріледі.

 

Асылжан Мамытбеков тамшылап суару жүйесін ендіргендер де мемлекеттік қолдауға ие болатынын мәлімдеді. Шетелден жеткізілген ірі қараға қарастырылатын субсидия көлемі ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, биылдан асыл тұқымды қой шаруашылығы әлеуетін арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама қолға алынады. Ветеринарлық қызмет туралы жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Асылжан Мамытбеков жалпы өңіріміздегі ауыл шаруашылығының дамуына оң бағасын берді.

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-СҚО ауыл шаруашылығы дамуы өте қарқынды жүріп жатыр. Бірақ әлеуеті әлдеқайда зор. Соны пайдалану керек. Әрине мемлекеттің қолдауы қажет. Жаңа қабылданған “Агробизнес-2020” бағдарламасында осының бәрі енгізілген. Әсіресе мал шаруашылығы мен майлы дақылдарды жетілдіру көзделіп отыр. Жоба келесі жылдан жүзеге асырылады.

 

Жеңіс  Ермұқанов