Денсаулық сақтау

Солтүстікқазақстандықтар медициналық қызмет сапасына шағымдануды жиілеткен

Жыл басынан медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің мамандары 35 тексеріс өткізген. Заңға қайшы 51 жағдай орын алыпты. Мамандар негізді шағымның биыл 2 есеге артқанын айтып отыр. Тұрғындарды көбіне емдеу сапасы мен дәрі-дәрмекпен қамту жайы қынжылтады екен. Сондай-ақ, көбінің терапевт, хирург, акушер-гинеколог және педиатрдың жұмысына көңілдері толмайды.

 

Ағаршын Рашева, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

-Мәселен, науқас адамды жедел жәрдем қызметі облыстық ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер оны 3-ші қалалық ауруханаға жөнелткен. Ал, ондағы дәрігерлер басқа диагнозбен кардиологиялық орталыққа жібереді. Осылайша, 1 тәулік уақытын зая кетіріп алған науқас қажетті емін ала-алмай көз жұмды.

 

Бұл денсаулық саласындағы бір ғана заң бұзушылық емес. Медициналық мекемелерді тексерудің нәтижесінде 1 млн теңгеден артық айыппұл өндіріліп, кінәлі азаматтар жауапқа тартылған.

 

Ағаршын Рашева, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

-Қозғалған қылмыстық іс саны өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артты. Денсаулық сақтау басқармасы арқылы 6 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. 6 материал облыстық ІІД-ң тергеу басқармасына, 13-і облыстық прокуратураға жіберілді.

 

Өкінішке қарай, 3 сәби өлімі тіркелген. Енді екінші жартыжылдықта департамент мамандары 4 тексеріс жүргізбекші. Олар Ғ. Мүсірепов және Тимирязев аудандарына да баруды жоспарлап отыр.

 

Берік Қасен