Құқық қорғау органдары

Петропавлда көлік тонаушы ұсталды

 

Тұрғындардан тәртіп сақшыларына ауладағы автокөліктерінің тоналғаны жайлы шағымдардың түсуі ағымдағы жылдың сәуір айынан жиілеген. Белгісіз біреу машина ішіндегі құрал-жабдық пен ақша, құжаттарды қолды қолып отырған. Ұрлықшы көп ұзамай құрықталды. Ол осындай қылмысы үшін сотталған 34 жасар Петропавл тұрғыны болып шықты. Күдікті техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Ол күндіз қызметін атқарса, түнде олжа аңдуға шыққан.

 

Марат Жұмалиев, Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

– Көлік тонаудың 12 фактісі дәлелденді. Сезікті ұрлаған заттарын қала базарларында немесе немесе өткен-кеткен жолаушыларға сатқан. Қазір қолды болған дүниелер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Ал, күдікті қаладан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тәртіп сақшылары сезіктінің басқа да қылмыстық істерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Жыл басынан Петропавлда 47 автокөлік тонау фактісі тіркелсе, соның 27-і әлі ашылған жоқ.

 

Майгүл Қажжан