Ауыл шаруашылығы

Кәсібі бардың нәсібі бар

 

“София” тігін ательесі қызу жұмыс үстінде. Жақсы қарқын алған шағын өндіріске жергілікті тұрғындардан тапсырыс молынан түседі екен. Елена Кобальчуктың мұнда киім пішіп жүргеніне 1 жыл болыпты. Бұған дейін шебер тұрақты табыс таппай, 2 жыл қол қусырып отырған. Былтыр Аққайың ауданының еңбекпен қамту орталығының көмегіне жүгінген соң жағдайы оңалған. Қазір ай сайын тиісті нәпақасын тауып жүр.

 

Елена Кобальчук,  «София» ательесінің тігіншісі, Аққайың ауданы:

-Оқуымды бітірген соң бірден мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Біраз уақыт үйде отырдым. Жас болған соң еңбек ету керек. Қазір қолым үйреніп қалды. Жұмысым өзіме ұнайды. Тапсырыс көбейді. Бұл жалақының өсуіне де әсер етеді.

 

Биыл ауданның тағы 27 тұрғыны мемлекеттік қолдаудың аясында екі қолға бір күрек тауыпты. Сондай-ақ, 18 жұмыссыз қайта оқытылып 8 мамандықтың қыр-сырын меңгеруде. Әрбірі 12 мың теңгенің шәкіртақысын алып тұрады. ЖОО тәмамдаған 20 артық түлек еңбек жолын туған ауылдарында бастауды ұйғарыпты. Құлшыныс танытқан жастар өндірістік тәжірибеден өтуде. Жалақысының бір бөлігін аудандық әкімдік өтейді. Бұл мақсатқа биыл 7 млн теңге бағытталған. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту жағы да жақсы жолға қойылған. Аудан орталығы Смирнов елді мекеніндегі әзірге жалғыз “Красотка” әсемдік салоны да мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған. Мұнда сәнқойлардың талғамына сай түрлі қызмет көрсетіледі. Иесі Наталья Баскова бизнеске 2009 жылы ден қойыпты. Ол уақытта мына кеңседе тек өзімен бірге бір шаштаразшы еңбек еткен.

 

Наталья Баскова,«Красотка» сұлулық салонының директоры, Аққайың ауданы:

– Бағдарлама аясында 1,5 млн теңгенің шағын несиесін рәсімдедік. Жылдық үстемеақы мөлшерлемесі 6-ақ пайыз. Үкіметтің осындай қолдауымен іргемізді кеңейтіп, қызметтімізді түрлендірдік. Әрине, сапасы да біршама жоғарылады. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Болашақта қыздырыну мен массаж бөлімшелерін ашуды көздеп отырмыз.

 

Жыл басынан жеке ісінің тасын өрге домалатамн деген 10 ауыл еңбеккері 21,5 млн теңгенің қолдауын тауыпты. Негізінен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға бел буғандар. Ұлттық жобаның 3-ші бағыты бойынша 19 жанұя баспана кілттерін алған, оның 10-ы су жаңа салынған. Барлығы да экономикалық белсенділігі төмен ауылдардан аудан орталығына көшірілгендер. Жібек Ғалымжанова отбасымен Үлгі ауылынан келіпті. Инфрақұрылымы құрыған елді мекенде 15 үй ғана түтінін түтетіп отырған екен. Әлеуметтік нысандардың бірі де қалмапты. Табыс көзі жоқ. Жаңа мекенде бірден бағдарлама аясында аудандық орталық емханаға мейірбике қызметіне орналасқан.

Биыл тағы 10 үйде қоныс тойы тойланбақ. Бүгінде сметалық жоба әзір. Сондай-ақ, елді мекендердің дамуына үлкен көңіл бөлінеді.

 

Сағындық Әмренов, Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

– 2013 жылы ауданда үш ауқымды жоба жүзеге асырылады. Бұл бағыт бойынша 9 адам жұмысқа тартылады. Шағалы ауылындағы мәдениет үйі мен Тоқшын мектеп-гимназиясының жылыту жүйесі толықтай жаңартылады. Аудандық маңыздағы жолдар жөнделеді. Бұл жұмыстарға 30 млн теңгедей қаржы бөлінді.

 

Бұндай кешенді шаралардың арқасында Аққайың ауданындағы жұмыссыздық көрсеткіші 0,4 пайызға дейін төмендеген. Әзірге, еңбекке жарамды тұрғындардың 61-і бос отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов