Спорт

Ямпольскийлер – спорттық әулет

Ямпольскийлер әулетінде спортқа деген сүйіспеншілік әкеден балаға берілетін қасиет дейді отағасы. Анатолий Ямпольский өңірімізде 64 жыл бойы балаларға акробатикадан сабақ берген. Аталған спорт түрінің негізін қалап, дамытуға үлес қосқан қарт бапкер 80 – нен асса да әлі сергек. Мұның сыры спортта болар.

 

Анатолий Ямпольский, КСРО құрметті бапкері:

-Мен Ұлы Отан соғысы кезінде туып-өстім. Балалық шағым қиын-қыстау кезде өткендіктен мен секілді балалар қайратты, мықты болғымыз келетін. Ол кездері жаттығу залдары болмайтын. Соған қарамастан орманда, далада жүргенде акробатикалық жаттығуларды жасайтынмын. Басында футболмен айналыстым. Кейін осы акробатиканы біздің өңірде дамытсам ба деген ой туды.

 

“Әке көрген оқ жонар” демекші әке жолын Андрей Ямпольский жалғастырып жүр. Оның бұл салада еңбек еткеніне 20 жыл болыпты.

 

Андрей Ямпольский, спорттық акробатика бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:

-Мен жаттығу сабақтарына әкеммен еріп келетінмін. Кейін өзім айналыса бастадым.Педагогикалық институтты аяқтап, жұмысымды бапкерліктен бастадым.

 

Ал, балалардың тұңғышы Сергей Ямпольский грек-рим күресін таңдаған екен. Ол 30 жыл бойы байрақты додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген талай палуандарды баптаған.

Бұл әулетте немерелер де спортты таңдаған. Бірі суда жүзсе, енді бірі акробатикамен айналысады.

 

Антон Ямпольский, А.Ямпольскийдің немересі:

-Мен акробатикамен 6 жасымнан бастап айналысамын.Кішкентай болғанымда үйдегі үлкендердің спортпен шұғылданғанын көріп өстім. Үйде күнде таңертен отбасымызбен бірге жаттығу жасаймыз.

 

Бос уақыттарында да спортпен айналысуды жөн көретін әулет мүшелерінің барлығының дерлік спортта қол жеткізген зор жетістіктері бар. Болашақтағы мақсаттары да асқақ.