Билік

Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асыру жайын талқылады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы ағымдағы жылдың маусым айында қабылданған болатын. Бүгін оны жүзеге асырудың жолдары талқыланды. Бағдарламаны іске асыру үшін 30 млрд теңге бөлінген. Оның 20 млрд теңгесі инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталмақ. Бұл ретте өңірлерге құйылатын қаржы көлемі де жоспарланған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенованың айтуынша, қаражаттың көп бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі болмақ. Өйткені, бұл өңірде жұмыссыздарды кәсіппен қамту ісі оң жолға қойылған. Жиында «тірек ауылдарды» дамыту жайы да сөз болды. Елдің жер-жерінен 516 елді мекен ұсынылыпты. Алайда, бұл санды қысқарту көзделіп отыр. Отырыста бюджеттік ақшаны игеру жөніндегі есеп есеп кестесі де талқыланды. Облыс әкімдері осы туралы баяндама жасайды деп жоспарланып отыр.

Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін аталған мәселелер өңір деңгейінде талқыланды. Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының облысымызда жүзеге асуын бақылауды міндеттеді. Бүгінде өңірімізде 94 млн теңгенің 52 жобасы мақұлданған.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Қазір аудандардағы конкурс жұмыстарын жүргізуді қатаң бақылауға алған жөн. Құрылысты бақылау мекемесі мәселені 10 күндей қарастырады. Олар мән-жайды өздері келіп көрмейінше, жұмысты бастауға рұқсат бермейді. Ал, егер іс ертерек басталса, айыппұл салады.

 

Самат Ескендіров жобамен жақынырақ танысып, оны іске асыру бойынша жұмыс жоспарын құруды тапсырды

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Айдарбек Сапаровқа аудан басшыларымен селекторлық тәртіпте кеңес өткізіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының әр бағытын жіті қарастыруды ұсынамын. Жобаның қай деңгейде жүзеге асырылып жатқанын, қандай шаруалар тындырылғаны жөнінде баяндап отырыңыздар.

 

Облысымыздағы «Тірек ауылдарды» дамыту жайы да сарапталды. Мұндай елді мекендердің саны – 58.

 

Айдана Демесінова