Қоғам

Өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары келді

 

Ең алдымен, депутаттар «Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығында» болды. Халық қалаулылары мекеменің материалдық- техникалық базасымен танысты. Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламаға қатысуға 357 азамат ниет білдірген. Әлеуметтік жұмыс орындарымен 160 адам қамтылыпты. Депутаттар орталықта бүгінде атқарылып жатқан жұмыс барысын сұрастырды.

Бүгінде Петропавлда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ақпарат алуға мүмкіндік беретін 5 терминал орнатылған.

Мәжіліс депутаттары облыс орталығындағы «Береке» ауданына да барды. Бүгінде мұнда «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 80 және 95 пәтерлі екі баспана салынуда. Біріншісінің құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Қазір үйдің тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалыпты. Құрылыс мердігері – “Основание” ЖШС. Нысан тамыз айының басында қолданысқа берілмек. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алушылардың кезегі жайлы сөз қозғады. Қазіргі таңда облыс орталығында 8 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр екен.

 

Асқар Базарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Сіздер кезектердің дұрыс берілуін жіті бақылауға алу керексіздер. Тұрғын үй жинақ банкі бөлетін топтардың қалай келетіндігін тексеру керексіздер. Өйткені бағдарламаның атқарылуына сіздер жауаптысыздар.

 

Бұдан кейін халық қалаулылары «Молпродукт» ЖШС жұмысымен де танысты. Зауыт күніне 250 тонна сүт өнімін шығарады. Бұл жерде қонақтар тауарлардың дайындалу барысымен танысты.

 

Асқар Базарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мұнда заманауи технологиялар қолданылады екен. Өнімдері де сапалы. Нарықта сұранысқа ие.

 

Мәжіліс депутаттары «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС жұмысын да байқады. Кәсіпорын биылғы көктемде экспортқа өзінің алғашқы тауарын шығарған.

 

Мұхамет Аязбаев, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС директорының орынбасары:

– Зауытта 89 диаметрден 820 мм-ге дейін болатын құбырлар шығарылады.Өнімдердің 70 пайызы экспортқа шығарылады.

 

Зауытта қазір 100-ге жуық адам еңбек етеді. Өндіріс ошағында ағымдағы жылы құбырларды коррозиядан қорғау қабатымен қаптайтын жаңа цех іске қосылыпты. Бұл тағы 50 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Кәсіпорын айына барлығы 3 мың тоннаға жуық болат құбыр шығарады. Депутаттар зауыттың бүгінгі даму қарқынына оң бағасын берді.

 

Андрей Бегенеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстандық өнімдермен қамтуды арттыру қажет. Бұл құбырлардың су, газ, мұнай салаларында қолдануда маңызы зор. Бұл экономиканы дамыту үшін де қажет.

 

Қыркүйек айында зауытта тағы екі цех іске қосылады деп жоспарлануда.

 

Мағжан Ахмадина