Қоғам

Мәжіліс депутаттары құтқарушылармен кездесті

 

Күннің екінші жартысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Жиында құтқарушылардың жыл басынан бергі атқарған жұмысы баяндалды. Мамандар 891 рет өрт сөндіруге шығып, от аузынан 1 308 адамды алып шыққан. Сонымен қатар, кездесуде “Азаматтық қорғау” туралы жаңа заң жобасы да сөз болды.

 

Асхат Бәкішев, СҚО ТЖД бөлімінің басшысы:

– “Азаматтық қорғау” заң жобасы бұған дейінгі 6 заңды біріктіреді. Құжатта бірталай мәселенің шешімі көрініс табады. Яғни, бұл заң жобасы халықты қорғауға бағытталған. Сондай-ақ, азаматтық қорғау саласы мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы уәкілеттілікті белгілеу мен оның аражігін ажырату қарастырылған.

 

Аталған құжат Парламенттің қарауына биыл түскен. Бірінші оқылымнан өтті.

 

Арман Қожахметов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– “Азаматтық қорғау” заң жобасына маңызды деген жайттар енгізілген. Бұл халық пен төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің жұмысын жақсартпақ. Және осы құжатқа қатысты бізге келіп түскен ұсыныстар мен шағымдар алдағы уақытта ескерілетін болады.

 

Бұдан кейін депутаттар құтқарушылардың дайындығын тамашалады. 2-ші өрт сөндіру бөлімінде олар кәсіби даярлық мектебін қарап, құтқарушылардың жылыту-түтін камерасынның жұмысымен танысты.

Одан кейін құрметті меймандарға жас құтқарушылардың психологиялық дайындығы көрсетілді. Мұндағы қызметкерлердің апаттық-құтқару жұмыстары да назарсыз қалмады. Халық қалаулылары суда құтқару станциясында да болды. Бұнда құтқарушылардың жаз мезгілі мен қыста киетін арнайы киімдері таныстырылды. Мамандардың жұмысына ҚР Парламенті мәжілісінің депуттаттары оң бағасын берді.

 

Андрей Бегенеев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Құтқарушылардың жұмысы көңілімізден шықты. Олардің өз ісінің мамандары екендігі көрініп тұр. Және өрт сөндіру бөлімі мен суда құтқарушылардың материалдық базасының бүгінгі талапқа сай болғандығы қуантады. Бұл кез келген төтенше жағдайда жылдам әрі сапалы жұмыс атқаруға ықпал етеді.

 

Бану Ахметова