Құқық қорғау органдары

Мас жүргізуші үйді соғып кетті

 

 

“Мазда трибут” маркалы автокөлік қатты жылдамдықпен келе жатқан. Оны жол полицейлері байқап қалыпты. Көліктің жүргізушісі инспекторлардың бұйрығын елемей, өтіп кеткен. Кейін темір тұлпардың рөліне ие бола алмай қалған мас жүргізуші Советская көшесіндегі жеке тұрғын үйге барып соғылады.

 

Айдарбек Әлібеков, СҚО ІІД ЖПБ жеке батальонының инспекторы:

-Таңғы сағат 4-те біз қызмет атқара отырып, Петропавл айналып өту жолы бойында «Мазда» автокөлігін тоқтатуға тырыстық. Ол біздің талаптарымызға бағынбай, қаша жөнелді. Қалаға кіремін деп бір үйге соғылды.

 

Кейін анықталғандай, машина жол жүру ережесін бұзған адамның атында болмай шықты. Жылдамдықты асырған 20 жастағы жігіт Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде жұмыс істейді екен. Ол сол күні алкогольдік ішімдікті ішіп алып, жұмысында тұрған бөтен көлікпен осылайша танысымен бірге серуендеп келмекші болған.

 

Азамат Ташев, Петропавл қалалық ІІБ аға тергеушісі:

-Оқиға орнында барлық тергеу амалдары жүргізіліп, куәгерлер сұралды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оның қасында болған екінші Петропавл тұрғынына да қатысты автокөлікті айдап кету фактісі бойынша іс қаралып жатыр. Ұсталғандар қаладан шықпау туралы қолхат жазды.

 

Айта кету керек,  ұсталған бұзақы  осыған дейін де көлік ұрлап, істі болған. Қазіргі таңда тұрғын үйге келтірілген шығын есептелуде.

Жалпы жыл басынан бері мас күйінде рөлге отырған жүргізушілердің қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда  2  адам мерт болып, 19-ы зардап шекті.

 

 

Берік Қасен