Балалар

«Жасыл ел» жасақтары іске кірісті

Мына студенттер жазғы демалысының 1 айын игі іске арнап жүр. Олар қазір “Қарғалы аралындағы” 900 га орман алқабын ағаш қалдықтарынан тазартуда. Мұнда тепсе темір үзетін жігіттермен қатар еңбекқор нәзік жандылар да жұмыс атқаруда. Қыздар жол жиегіндегі көлік қатынасына кедергі келтіріп тұрған бұтақтарды қоларамен кесіп жатыр.

“Жасыл ел” бағдарламасы арқылы Әлия Мұхамеджанова да кәсіп тапқан. Ол аталған жоба жастар үшін зор көмек дейді.

 

Әлия Мұхамеджанова:

-Мен биыл бұл бағдарламамен таныс болды. Әрбір жастың ақша табуына үлкен мүмкіншілік бар. Көптеген қатарластарыммен танысып, достастым.

 

Жастарға нұсқаушы болып істің басы-қасында жүрген Тимофей Боярский өзінің 26 жыл ғұмырын орман шаруашылығына арнаған. Табиғат жанашыры жасыл желектің аумағын ұлғайтып, өз қолынан 13 жыл бұрын қарағай тұқымын отырғызыпты. Қазір жас өскіндер әжептәуір бой түзеп, өсіп қалған екен.

 

Тимофей Боярский, орманшы:

-Студенттердің көмегі жақсы тиіп жатыр. Қурап қалған ағаш қалдықтарын орман сыртына шығарып, өртеді. Маңайды түгелімен қоқыстан тазалады.

 

Жалпы  облыс бойынша “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша 1-ші кезеңде 100 ден астам жас азамат жұмыспен қамтылыпты.

Асхат Гумиров,”Жасыл ел” студенттер жасағының менеджері:

-Алдыңғы жылмен салыстырғанда “Жасыл ел” арқылы жұмыспен қамтылған жастар 2 есеге өсті. Биыл олардың жалақысы тағы 5-6 мыңға көбейеді. Демек, олар 41 мың теңгедей жалақы алатын болады.

Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында маусымның соңына дейін облыс бойынша 320 студент кәсіппен қамтылады.

Берік Қасен