ТЖ

Шалқар көлінде екі адам қаза тапты

 

Шілденің 7-сі күні Ақмола облысының азаматтары отбасымен Айыртау ауданындағы Шалқар көліне демалуға келген. Ересектер еш алаңсыз жағалауда тынығып жатқанда, кішілер көлдің тайыз бөлігінде суға түсіп жатса керек. Кенет қатты жел тұрып, толқын жиекте малтып жүрген балғындарды судың терең тұсына тартып әкетеді. Алыстан балалардың шошынған қатты айқайын естіген ата-аналары екеуін құтқарып қалған. Ал, 10 жастағы жиенін жүзу білмесе де, алып шығамын деп 21 жастағы ағасы ұмтылған екен. Алайда, қатты толқын бой бермей, екеуі де батып кетті.

Сүңгуірлер артынан анықтағандай олар түбінде шыны, темір-терсек қалдықтары бар рұқсат етілмеген жерде суға түскен.

 

Дмитрий Войтенко, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің сүңгуір-құтқарушысы:

-Осындай оқиғалардың көбіне ересектердің мастығы себепкер болады. Бұл жағдайда адамдардың қолдарында арнайы құралдары болмаған. 10 жастағы бала суға батпайтын жилеттің түймесі ағытыла берген соң оны шешіп тастаған екен. Міне, оқиғаның салдары осылай қайғылы аяқталды.

 

Су түбінен  2 адамның денесін кейін сүңгуірлер алып шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға суға шомылардың алдында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Тек рұқсат етілген жерлерде және асты тегіс жерде суға түсуге кеңес береді.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

-Балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Кешкі уақытта, қатты жел тұрғанда және өзен-көлдің маңына жоламаған жөн. Шомыларда суға батырмайтын дөңгелектерді, пенопласт кесегін, жилетті алған жөн. Кейде ұзын, мықты арқанның да көмегі тиіп қалады.

 

Өткен аптада қала маңындағы Есіл өзені мен Пестрое көлінде құтқарушылар 9 адамды өлімнен арашалап қалған. Құтқарылғандардың кішкентайы 9-да, ал ең үлкені 42 жаста екен. Ал жалпы, жыл басынан бері мамандар облыс бойынша 42 адамды құтқарған.

 

Берік Қасен