Құқық қорғау органдары

Ерлі-зайыпты есірті сатушылар ұсталды

ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасына Петропавл қаласында тұратын 55 жастағы әйелдің героин саудасының қызығына түскені туралы хабар келіп жетеді. Ол тауарды 20-шы ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінде саудалаумен айналысқан. Пысықай баспананы ұзақ мерзімге жалға алып, оған тұрақты мекен жайы жоқ екі азаматты орналастырыпты. Кейін олардың наша сатуға келісімдерін алады. Қара нарықтан тапқан ақшаны әйел үнемі алып кетіп жүрген. Біраз уақыт өткен соң манағы екі жігіт полицияға өз еріктерімен келіп, бәрін жайып салады.

 

Қабира Мұхамбетова, СҚО ІІД есірткімен күрес басқармасының инспекторы: СҚО ІІД есірткімен күрес басқармасының қызметкерлері есірткі саудалаған ерлі-зайыптыларды қолға түсірді. 55 жастағы әйел бұрындары есірткімен айналысқаны үшін сотталған және оның жұбайы да темір тордың ар жағында 25 жыл отырып шыққан. Есірткі саудасына да қатысы бар.

 

Кейін полицейлер үй маңында жасырылған 15 грамм героинді де тауып алады. Қазіргі кезде ұсталған екеу қамауда отыр. Қылмыстық іс қозғалды. Жыл басынан бері облыста есірткіге қатысты 60 іс тіркеліпті. Оның 18-і саудалау болса, заңсыз айналымнан 57 келіден артық наша тәркіленген.

 

Мағжан Ахмадина