Без категории

Астана күні (арнайы хабар)

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

– Еуразия жүрегінде, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты жетпес кең байтақ қазақ жерінің кіндігінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана биыл 15 жасқа толды. Айтулы күнді барша қауым ерекше көңіл-күймен, үлкен қуанышпен атап өтуде. Аспаны ән-күйге бөленген Петропавл тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да естен кетпес талай қызықтың куәсі болды.

 

Мереке күні облыс орталығының әр ауданында сахна тұрғызылып, жерлестеріміз сауық құрды. Жүздері бал-бұл жанған қала тұрғындары мен қонақтары күн санап гүлденіп, бой түзеген әсем шаһардың мерейтойын ұлықтауға асық. Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы думанды шараларға ортақтасты.

Абай мен Пушкин ескерткішінің түбінде күмбірлеген киелі домбыраның құлағында ойнаған дарын иелері ұлттық өнерді паш етіп, иісі қазақтың айызын қандыра білді. Ал мәдениет және демалыс саябағының кіріберісінде де көптің назарына әуенді де әуезді бағдарламалар ұсынылды. Ниет танытқандары асық атудан шеберліктерін сынады.

Төрткүл дүниені аузына қаратып, таңдай қақтыртқан – бас қаланы көрген де арманда, көрмеген де арманда. Көптің аузында жүрген керемет құрылыс мекенін суретшілер қағаз бетіне түсіруге тырысып бақты. Он саусағынан өнер тамған шеберлер де Астананың құрметіне көздің жауын алатын бұйымдарын жайып салды. Еліміздің басты құнды қазынасы – әрине бірлігі жарасқан халық. Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері де қаз-қатар шаңырақ тігіп, қадірменді қонақтарға қонақжайлықтарын танытты. Әр киіз үйде мәдени орталықтардың ұлттық болмысынан сыр шертер жәдігерлер қойылған. Мың бұралған өнерлі жастар түрлі ұлттардың билерін әзірлепті.

Мерекелік думанға қатысқан жан қалауын таппай кетпейді. Осылайша Ұлттық маңызы бар күнді солтүстікқазақстандықтар әдеттегідей бар сән-салтанатымен тойлауда. Жиналған қауымды атаулы күнмен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Салтанатты жиында өңіріміздің дамуына сүбелі үлес  қосқан бірқатар өңір азаматтары облыс әкімінің құрмет грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекеге орай елорданың білімді де жігерлі түйдей құрдастары сый-сияпатқа ие болды.

– Мен Астанамен бір күнде туғанымды мақтан тұтамын. Елордамыз толассыз түлеу, дамылсыз даму үстінде. Мен де көз ілеспес қарқынмен салынып жатқан сұлу шаһармен бірге өсіп-өніп келемін. Оқудың үздігімін. Талай білім додаларында топ жардым. Болашақта Астананың одан бетер гүлденуіне үлесімді қоссам деймін.

 

Анаргүл Назарова – 4 қызбен 2 ұлды тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген көпбалалы ана. Ел игілігіне жарар өскелең ұрпақты тәрбиелеген жанның кеудесіне күміс алқа тағылды.

 

Анаргүл Назарова, көпбалалы ана:

– Астанадағы Еуразия университетінде 2 жоғары білім алдым. Үлкен қызым да сонда оқыды. Кейінгілерін де сапалы білім алулары үшін Елордаға жібереміз. Үкіметтің қолдауы жақсы.

 

Ерекше құрметке бөленген саясаткер, дәрігер, ұстаз, кәсіпкер, әрбірі – өз ісінің хас шебері. Бәрі де қошеметке лайық, еліміміздің нағыз ел жанды азаматтары. Ал өңіріміздің өнер ұжымдары болса мерекеге ортақтаса келген қауымға құттықтауларын ән-жырмен жеткізді.

Орынбор, Қызылорда, Алматыны жағалаған Алаш баласы ғасыр айналып қазығын тапты. 1997 жылы жырақтағы Жетісудан Сарыарқаның төрінен астананың қадасы қағылып , еңселі Елорда көтерілді. Осылайша жұмыр жердің бетінде, Қараөткелде, ерке Есілдің енінде әсем Шаһар пайда болды.

Елбасының көрегенділігі қазақты сара жолға салып, ел көшін өрге сүйреп келетіндігін кім болсын мақтанышпен баяндайды. Сәулеті мен дәулеті келіскен айбынды астана – Тәуелсіздіктің жемісі, мемлекеттің айнасы. Сондықтан өзге аймақтар бас қалаға қарап бой түзейді. Талай тағдырлар тоғысқан тоғыз жолдың торабында орныққан Астана жалғыз өзі көркейіп жатқан жоқ. Бүкіл Қазақстанды ырысқа кенелтіп жатыр. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін бас қаланы мақтан тұтады.

Астананың атына заты сай жарасымды кейпі көз тастаған әр жанды баурап алады. Сымдай бой түзеген көшелер мен зәулім үйлер қала көркін асқақтата түседі. Еуразия кіндігі келелі кеңестердің, мәдениеттің ордасы Астана – елдігіміздің тұғыры, береке-бірліктің алтын діңгегі.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

– Еңселі елордамыздың 15 жылдық мерейтойын қарсы алуға Абай мен Пушкин ескерткішінің маңына жиылғандар назарына «Домбыра мерекесі» ұйымдастырылды. Бұл жерде ұлттық аспапта 20 адам өнер көрсетті. Айта кететін жайт, осындай акция осы сәтте еліміздің барлық өңірлерінде өз жалғасын табуда.

 

Кәмила Сұлтанова  не бары 10 жаста. 3 жыл бұрын домбыраны үйреніп, бүгіндері мектепішілік шараларда өз өнерін көрсетіп жүр. Білетін күйлері санаулы болса да, алдағы уақытта әлі де үйренемін дейді.

 

Кәмила Сұлтанова,  қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Мен бүгіндері көп күйлерді білемін. Айталық қазір орындайтын  күйім ол қазақ даласындағы аттың шабысын, кең байтақ жерімізді көрсетеді.

 

Домбыра мерекесінде шашу шашылып, жұртшылыққа бауырсақ пен қымыз, тәтті дәмділер ұсынылды. Шараға балғындармен қатар аға буын өкілдері де қатысуға ниет білдірген.

 

Сәбит Рахымжанұлы, қала тұрғыны:

– Домбыраның үні бесікте жатқан сәттен бізге таныс. Қазақ халқы үшін ол қасиетті.

 

Арқа төсіндегі Астана – әлемдегі ару қала. Елорда мемлекеттер арасындағы келіссөздер жүргізілетін, діндер өкілдері кездесіп, халықаралық экономикалық, әлеуметтік мәселелер шешілетін орда, келісім мен татулық ортасына айналды. Барлық өмірін ұстаздыққа арнаған Айжан Анафина бас қалаға барған сайын сұлулығына таң қаламын дейді.

 

Айжан Анафина, қала тұрғыны:

-Астана бұрындары шағын ғана қала болатын қазір дамыды, көркейді.

 

Астана күнінде әр түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындар үстел ойындарында да бағын сынау мүмкіндігіне ие болады. Олар баптарын шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан байқады.

Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің ертеңгі болашағы. Ұл-қыздар уақыт өте Қазақстанның өркендеуіне еңбек ететіндеріне сенім мол. Мерекені тойлауға жиылған балғындар да бұл күні сурет салудан бақтарын сынады. Астананың айшықты ғимараттары – Бәйтерек, Ханшатыр, Думан және қазақтың дархан даласы бүлдіршіндер туындыларында орын алған.

 

Қымбат Қадырова,  №7 орта мектептің оқушысы:

-Мен Қазақстанның байтақ табиғатын салып жатырмын. Аспанымыз әрқашан ашық болсын, бейбітшілік болсын.

 

Қазақстан Конституциясы көшесі бойы тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қолөнер шеберлері матадан, ағаштан, теріден жасалған бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Сатып аламын дегендердің қатары қалың болды. Құлай Жұмалиева Астана күнінде Қырғызстаннан арнайы келіпті.

Бас қаламыздың 15 жылдығын атап өтуге жиылғандар бір-бірін Астана күнімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жолдады.

Ал, мәдениет және демалыс саябағында қаламыздың ең кішкентай тұрғындары өз өнерлерін көрсетті.

 

Мереке күні қаланың әр ауданында сахна тұрғызылып, сауық құрылды. Астана көшесінде де бас қаланың мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Сондай-ақ, мұнда қаламыздың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде және облысымыздың тауар өндірушілері қала тұрғындарының назарына өз тауарларын төмен бағамен ұсынуда.

 

Біз мерекелік той-думан ортасында Астана көшесінің тұрғыны Ойрат Мұхамеджановты да кездестірдік. Осында 8 жыл бұрын көшіп келіпті. Еңселі Елорда – болашақтың қаласы. Ару Астананың атымен аталған көшеде тұрғанымды ерекше мақтан тұтамын дейді ол.

 

Ойрат Мұхамеджанов, қала тұрғыны:

-Солтүстікқазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын. Елордамыз шарықтай берсін.

 

«Океан» сауда үйінің алдында өтіп жатқан жәрмеңкеге солтүстікқазастандықтар көптеп жиылды. Өйткені, тұрғындар тауар өндірушілердің өнімдерін төмен бағамен сатып ала алады. Бұл мүмкіндікті олар қалт жіберген жоқ. «Далангер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бүгін өздерінің 80 – ге жуық кондитерлік және нан өнімдерін халық назарына ұсынды.

 

Ирина Гейн, «Далангер» ЖШС технолог маманы:

– Мереке күнінде өз өнімдерімізді арзан бағамен сатуды жөн көрдік. Тәтті-дәмдіні Астанаға деген сүйіспеншілікпен, бар ықылас-ынтамен әзірледік.

 

Сондай-ақ, “Далангер» кәсіпорнының қызметкерлері ерекше акция өткізді. Жаңа тағамдардан тегін дәм татқан тұрғындарға өнім ұнаған жағдайда өздері қалаған бағамен сатып алып жатты. Жәрмеңкеден өңір омарташылары да қалыс қалған жоқ.

 

Олег Гаврилов, СҚО ара өсірушілер ассоциациясының төрағасы:

-Саудада балдан жасалған өнімдердің түр-түрін барынша қамтыдық. Жаңадан жиылған балдан басқа сусын, пайдалы иіс сабын, шырақты да жасап әкелдік.

 

Жәрмеңкеге облыстан барлығы 15 тауар өндірушісі қатысқан. Сонымен қатар, бұл жерде өнер көрсетіп жатқан шығармашылық ұжымдар ән-шашуларын ару Астанаға арнады.

Жәрменкеге жиылған тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі, жүздерінде күлкі ойнайды. Олар барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтап, ақ тілектерін жолады.

 

Нариман Айтбаев, «Океан» СҮ директоры:

– Құрметті, жерлестер! Сіздерді Астана күнімен құттықтаймын! Елордамыз жас та болса, барша жер жүзі таниды. Ол өзінің кербез сұлулығымен, ерекше құрылысымен таңқалдырады. Елбасы көрегенділігінің арқасында бой көтерген Астана өсе берсін!

 

Астана көшесі – Петропавл қаласының ортасында орналасқан. Бұл көше бүгін сән салтанаты жарасып, ерекше көрікті болды. Мұндағы ғимараттар түрлі-түсті шарлар және мерекелік жазулармен безендірілген.

 

Бану Ахметова, тілші:

-Астананың туған күнінде солтүстікқазақстандықтарға күтпеген сый. Өйткені осы күні отандық өнімдерді төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік туды.

 

Бұл – «Қазақстанда жасалған өнімді сатып ал да, жеңілдікке ие бол!” акциясы аясында өтуде. Сондықтан, азық-түліктерді “Семейный” заңғар дүкенінде де төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкін болды. Мұнда сүт 6 пайызға, ал күріш 9 пайызға арзандатылыпты. Қарақұмықтың келісі 90 тг, қанттың келісі 136 теңгеден саудаланды. Астана күніне арнайы өткізілген бұл шара тұрғындардың көңілінен шықты.

 

– Азық-түлік бағасының арзандатылғандығы өте жақсы. Мұндай акциялар жиі болса деймін. Астананың туған күнінде баршаңызға денсаулық және бақыт тілеймін.

– Мереке құтты болсын, қаламыз өсе берсін. Мереке күнінде көп сыйлықтар берілуде. Бір құты су алсаң, екіншісі сыйлыққа.

 

Бұндай жеңілдік зейнеткерлерге де зор көмек болған сияқты. Сондықтан да олар Қазақстанда жасалынған өнімдерді қуана-қуана сатып алуда.

Осыдан кейін, “Нан плюс” фирмалық дүкеніне де соқтық. Мұнда жоғары сұрыпты ұнның екі келісі бұған дейін 194 теңге тұрсе, бүгін 186 теңгеден сатылды. Жеңілдіктер тәтті-дәмдіге де жасалған.

 

– Астана күніне арналып осындай акцияның ұйымдастырылғаны жақсы болды. Барша қазақстандықтарды тамаша мейраммен құттықтаймын.

– Мұндай жеңілдіктерді басқа да уақытта ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді. Елбасыға айтар алғысым шексіз. Мемлекет басшысы елдің гүлденуіне барлық жағдай жасауда.

 

«Қазақстанда жасалған өнімді сатып ал да, жеңілдікке ие бол!» акциясы барлық облыстарда ұйымдастырылды.

 

Берік Қасен, тілші:

-Петропавлдықтар бүгін бала-шағасымен “Солтүстік жұлдызы” саябағына демалуға келді. Өздеріңіз көріп тұрғындай, мереке шырайы бұнда да сезілуде. Мұнда келген үлкенді-кішіге тап бүгін жағажай футболы мен волейболдан және стритболдан ойындар өтуде. Және мұның соңы қызықты концерттік бағдарламаға ұласады.

 

Наталья Ручинскене мен Александра Патлатая волейбол сынына тыңғылықты дайындалған екен. Олар осы шараға қатысу арқылы өзгелерге үлгі көрсетемін дейді.

 

Наталья Ручинскене, «Барс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

-Дене сымбатының, әдеміліктің, бақыттың сыры – спортта. Дене тәрбиесімен үнемі тынбай айналысып отырған жөн. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық жерлестерімді Астананың туған күнімен құттықтаймын. Қазақстан азаматтарының денсаулығы мықты болсын.

 

“Солтүстік жұлдызы” саябағындағы спорттық алаңдар бүгін босаған жоқ. Айтулы күнде әрбір демалушы өздері қызығушылық танытқан ойындарға қатыса алды. Денсаулық фестивалінің ең белсенді мүшесі – жастар болды. Олар жарыстың барлық түріне ат салысып, өздері жан-жақты танытты..

Мысалы, мына жерде баскеткетболға ұқсас “Стритбол” ойыны жүріп жатыр. Мұнда допты бір себетке көздейді. Шаршы алаңда “Жеңіс” “Шығыс” командасын 9:8 есебімен басым түсуде. Жасөспірімдер бұл жеңісін ару Астанаға арнады.

Енді, саябақтың бір тұсында балалар жағажай футболын ойнап жатыр. Әдісі – 4-еуі ойында, біреуі қақпада тұрады. 1-таймда «Достық» клубы ең көп ұпаймен алда болды. Келесі айналымда да олар «Құрдас» клубынан қатысқан қарсыластарына есе жібермеді.

 

Данияр Сыздықов, «Достық» балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі:

-Мен қарсыластарымның қақпасына 1 гол соқтым. Есеп 7:4 болды.

 

Астананың қарыштап дамуы жерлестерімізді таң қалдырмай қоймайды.

 

Владимир Евдокименко, Петропавл қаласы спорт және дене шынықтыру бөлімінің нұсқаушысы:

-Мен Елордамыз Астанада жиі болып тұрамын. Онда барған кезде бұрынғы Ақмоланы көзіме елестете де алмаймын. Апта сайын танымастай жылдам өзгеріп тұрады. Сәулетті ғимараттары көз сүйсіндіреді. Астананың қазіргі келбетіне көз тоймайды.

 

 

Бану Ахметова, тілші:

-Бұл күні жартылаймарафон да өтті. Оған елімізге танымал спортшылар мен әуесқой жүгірушілер қатысты. Дені – талай белестерді бағындырғандар. Солардың бірі – Евгений Тетюхин. Спортшы осындай 150-ден астам марафонға қатысқан. Егде жасына қарамастан ол үш үздіктің қатарында.

 

Евгений Тетюхин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Бүгінгі мереке барлық қазақстандықтарға құтты болсын. Ал, біз Астананың туған күнін осындай жарыспен атап өтуді жөн көрдік. Дегенмен, мұндай сайыстар әрдайым ұйымдастырылып тұрады. Бүгін бізге күн күлімдеп тұр. Сондықтан, жарысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін.

 

Жарысқа қатысам деушілердің жасында шектеу болмады. Сондықтан мұнда 76 жастағыларды да кездестіруге болады. Олар бүгін 21 шақырымды бағындырды. Мұндағылар – салауатты өмір салтын ұстанатындар. Жартылай марафонға қатысушылар өз жеңісін Астананың туған күніне арнамақ.

 

Алик Азмухаметов, әуесқой жүгірушілер клубының басшысы:

– Бізге 35 спортшы жиналды. Олар 5,10,21 шақырымды бағындырды. Астанамыз гүлденіп, бүкіл әлем таныған дәрежеге жеткені қатты қуантады. Біздің қаламыз да жыл санап көркейіп келеді.

 

Жартылай марафонда өз бағын паралимпиада ойындарынның қатысушы Сергей Усольцов та сынады. Ол мұндай жарыстарды қалт жібермейді екен. Сергей биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клубтың ашылғандығына облыс башылығына ризашылығын білдірді.

 

Сергей Усольцев, ҚР спорт шебері:

– Ауа райы жарыс жолына шыққандарға сәттілігін тілеп тұрғандай. Мереке күнінде барлығы жартылай марафонға қатысып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай.

 

Жартылай марафонда озып шыққандар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.