ТКШ

ТКШ жаңғыртылуда

 

Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен баспананың әбден тозығы жетіпті. Оны өздігінен толық қалпына келтіруді тұрғындардың қалтасы көтермегендіктен, олар «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына қатысуды жөн көрген. Күткен нәтиже ойдағыдай. Мұндағы тұратын азаматтардың дені – зейнеткерлер. Лидия Дерезаны, әсіресе, жылу есептеу құрылғыларының орнатылғаны қатты қуантып отыр.

 

Лидия Дереза, үй тұрғыны:

– Бұрындары біз ортақ талаптарға сай жылу ақысын төлейтінбіз. Мамыр айында есептегіш құрылғысын орнаттық. Соның арқасында енді үнемдейтін болдық. Өйткені, жылудың тек тұтынған мөлшері үшін ғана ақы төлейтін боламыз. Біз үшін өте тиімді.

 

Мұндағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жарықпен жабдықтау жүйесі және шатыры толығымен жаңартылған. Үйдің қасбеті боялып, кіреберістерге пластикалық терезелер орнатылыпты.

 

Сергей Николаев, «Аист» ТК төрағасы:

– Энергия үнемдеу үшін әр қабатқа қозғалыс тетіктерін қойдық. Бұл жарықты жөнсіз пайдаланудың алдын алмақ. Бұрындары біз 300 киловатт үшін ақы төлейтінбіз, осы құрылғыны орнатқаннан бері 100 киловатын ғана өтейміз.

 

Аталған жоба қолға алынғалы бері екі жылдың ішінде облыс орталығында 100-ге жуық үй жөндеу көрген.

 

Сергей Худяков, «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ СҚОФ директоры:

– Бүгіндері ескі баспаналарды жаңартуда “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы көп көмектесуде. Тұрғындар қаржыны бірнеше жыл көлемінде пайызсыз бөліп қайтарады. Бұл жылу мен жарықты да үнемдеуге үлкен септігін тигізуде.

 

Алдағы уақытта тағы 60 үй жөндеу көрмек.

 

Мағжан Ахмадина