Бизнес және экономика

“Зенченко и К” КС сүт зауытының өнімдері Астанаға жеткізілуде

“Зенченко и К” КС-ндегі асыл тұқымды  сиырлар беретін сүт заманауи әдіспен өңделеді. Жеткізілген шикізат алдымен 140 градустық температураға дейін пісіріледі. Бұл – пайдалы азықтың ұзақ уақыт бойы нәрлігін жоймауы бүлінбеуі қамында жасалатын шара. Ең бастысы, дәруменді өнімді даярлауда табиғилығын жоймау үшін консерванттар мүлдем қосылмайды.

 

Юлия Серяцкая, “Зенченко и К” КС сүт зауыты зертханасының меңгерушісі:

– Алдымен келіп түскен шикізаттың химиялық-биологиялық көрсеткіштерін тексереміз. Кейін өндіріс үрдісінде тағы зерттеуден өтеді. Соңында дайын өнімнің қышқылдығы мен майлылығын бақылаймыз.

 

Зауыттың бүгінде төл өнімдерінің 40-тан артық аталымының ел нарығына мықтап бекігеніне 14 жыл болған. Сұраныс мол. Тапсырысты уақытымен қанағаттандыруда өндірістік корпусы озық үлгідегі технологиялық қондырғылармен жарақтандырылыпты. Қытай, Ресей елдерінен жеткізілген арнайы жабдықтар толықтай автоматтандырылған. Фарит Манаповтың негізгі еңбегі сүт өндірумен байланысты. Қайта даярлау курсынан өткен тәжірибелі маман – бас механик қызметін атқарып жүр.

 

Фарит Манапов, “Зенченко и К” КС сүт зауыты өндірісінің бас механигі:

– Бұл зауытқа 7 жыл бұрын жұмысқа тұрдым. Ол кезде құрылғылар да басқа болды. Қазір өндірісті бір адам ғана басқарады. Қолдың күші қажет емес. Автоматты құрылғылар аса дәлдікпен сапасы өте жоғары өнім шығарады.

 

Мәселен  “Таурес феникс” заманауи құрылғысы сағатына 2,5 мың литр сүтті қаптамаға орап шығара алады. Осындай тың технологиялардың арқасында жылдық қуаттылық 14,5 млн. литр сүт өңдеуге жетеді. Ал, тәулігіне бұл кәсіпорын 40 тоннаға дейін өнім шығарады. Зауыттықтар бірінші кезекте, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді екен. Негізгі тұтынушылары – жергілікті және астаналық тұрғындар. Өнімнің жартысына жуығы күн сайын бас қаланың сауда сөрелеріне жеткізіліп тұрады.

 

Георгий Целых, “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

-Біз Астана нарығына алғаш рет 2008 жылы шықтық. Әр сенбі сайын “Шаңырақ” базарында 200-300 литр сүт, айран, қаймақ саудалайтынбыз. Бір жылда тұтынушылардың сенімін иеленген соң 5 тоннаға дейін өнім тасымалдайтын болдық.

 

Бүгінде бұл үрдіс тіпті жетілдірілген. Күн сайын елорданың сауда орындарында 20 тоннаға дейін сүт өнімдері сатылады екен. Бұл аздық етеді дейді өндіріс ошағының басшысы. Болашақта өндіріс қуатын арттырып, өнім атауын көбейту жоспарланып отыр. Ол үшін екі жыл бұрын жаңа зауыттың құрылысы басталыпты. Заманауи нысан жуық арада іске қосылады.

 

Жеңіс Ермұқанов