Кеден

Халықаралық сәлемдемелер кедендік бақылаудан өтеді

 

Поштаға шетелдерден тапсырыспен келген сәлемдемелер әр түспен белгіленеді. Солтүстікқазақстандықтар ғаламтор-дүкені арқылы Қытайдан, әсіресе, киім-кешек сатып алады екен. Ол жақтан жететін тауар сары қорапқа салынады. Алайда, пошта қызметкерлері кейбірінің иесін табу қиынға соғады дейді.

 

Тамара Манцуровская, «Қазпошта»АҚ СҚОФ бөлімінің басшысы:

-Кейбір азаматтар шетелге тапсырыс бергенде өздері жайлы мәліметті толық ұсынбайды. Сондықтан, тауарды иесіне жеткізерде кедергілер туындайды. Тұрғындарға айтарым: міндетті түрде мекенжай мен телефон нөмірін көрсеткен жөн.

 

Ал, кедендік бақылау департаментінің мамандары шетелден поштамен жолданған тауардың құны мен салмағы көрсетілген нормадан асқан жағдайда баж салығы қосылатынын ескертеді.

 

Әсемгүл Исина, СҚО кедендік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

-Мысалы, сіздің тауарыңыз 1 мың еуродан асып, 31 кг-нан жоғары болса, оны жазбаша декларациялау қажет. Ал сақтау, жеткізу, сондай-ақ, транзит бойынша кедендік рәсімдерді жүргізу мәселелерін пошта байланыс операторлары атқарады. Сондай-ақ, сәлемдеменің құны мен салмағы нормадан асқан болса, құнынан 30 % баж алынады, яғни, ол 1 килограмға 4 еуродан кем болмайды.

 

Сол себепті, мамандар шетелден сәлемдемені алу барысында курьерлік қызметтерден алдымен тауарды қай тараптың рәсімдеуі қажет екенін біліп алған жөн дейді.

 

Берік Қасен