Мәдениет

Солтүстікқазақстандық ақын халықаралық поэзия фестиваліне қатысты

 

Түркі тілдес халықтар ақындарының “Хазар” поэзия фестивалі Туркияның Елазы қаласында 1992 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылады екен. Оған кезінде Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов сияқты атақты ақын-жазушылар да қатысқан. Биыл бұл шара жер-жерден жиналған 42 дарын иесінің басын қосыпты. Қазақстаннан тек 2 азамат шақырту алыпты. Солардың бірі – жерлесіміз, ҚР мәдениет қайраткері, еліміздің құрметті журналисі Болат Қожахметов.

 

Болат Қожахметов, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР құрметті журналисі, “Солтүстік Қазақстан” газеті шеф-редакторының орынбасары:

-Қазақстаннан -2, Өзбекстаннан  -2, қалғандарынан 1-ден келді. Біз көрмеген ақындар бар екен. Молдованың жанынан келді, Косоводан, Кипрдан, Македониядан келді. 4 күн керемет шара өтті. Кешке өлең оқыдық. Бір ерекшелігі бұрын аударады екен түрікшеге. Осы жолы әрқайсысы ана тілінде оқыды.

 

Жыр төгілген поэзия мерекесінде Болат Қожахметов жиылғандардың назарына «Өлеңнің оты өшпейді» деген шығармасын ұсыныпты. Бұл өлең түріктердің жүрегіне жол тауып, жоғары бағаланды. Осылайша жерлесіміз алғыс хатпен марапатталды. Ал туындысы түрік тіліне аударылып, жинаққа еніпті. Шығармада Болат Қожахметов шоқтығы биік ақын Мағжан Жұмабаев туралы жыр тербеген. Өр тұлғаны түрік халқы ерекше құрметтейді екен.

Болат Қожахметов өлең шығаруды бала кезінен бастапты. Ақындық өнер – ананың ақ сүтімен даритын қасиет дейді журналист. Болат Қожахметовтың журналистік еңбек өтілі 45 жылдан асады. Ақынның «Аспандағы арғымақтар» және «Жыр борайды» атты 2 жинағы жарық көрген.

 

Айдана Демесінова