Балалар

Студенттер биржасы

СҚМУ  студенті Нұржан Желдібаевтің студенттер құрылыс отрядында еңбек етіп жүргеніне 1 айдан асқан. Ол Петропавлдағы сауда орындарының бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, болашақ маман бос уақытты бекерге өткізбей нәпақасын тауып, жаңа іске үйреніп жатырмын дейді. “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алатын жалақысы 50 мың теңгенің маңайында.

 

Нұржан Желдібаев, студент:

– Маған құрылыс жұмыстары ұнайды. Өзім жаңадан бір іске үйренсем деген ойым да бар. Жұмыс аса қиын емес, ұжымда барлығымыз татумыз, әрі басшылық та мейірімді. Жалақыма да көңілім толады.

 

Студенттер құрылыс отряды арқылы биыл 600 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жасақ жетекшісі Асхат Гумировтің айтуынша өткен жылмен салыстырғанда отряд қатары 2 есеге артқан.

 

Асхат Гумиров, СҚО студенттер құрылыс отряды штабының жетекшісі:

– Бүгінге дейін 120 студент өзіне кәсіп тапты. Біздің отряд 50 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейді. Олар да жастарға бос орын ұсынып, студенттерді еңбекпен қамтуға көмектеседі.

 

Сонымен қатар, студенттердің “Жасыл ел” ұйымы арқылы да жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар. Ондағы еңбекақы биыл 35 мыңнан 40 мың теңгеге дейін өспек.